Мемлекеттiк тiлдi дамыту институты

the state language development institute

Мемлекеттiк тiлдi дамыту институты

институт развития государственного языка

  • PDF
(5 дауыс, орташа 3.60)

«Мұғалімдерді деңгейлік оқыту» білім беру саласының көсегесін көгерте ала ма?

   Ел ертеңі бүгінгі жасбуынның қолында. Ал олардың білімді азамат болып өсуі үшін ең алдымен білікті ұстаздар ауадай қажет. Осыны ескерген үкімет басындағылар білім беру жүйесін жаңғыртуға және мұғалімдер мәртебесін көтеруге айрықша маңыз беруде. Соның нәтижесінде мемлекет тарапынан аталған салаға бөлінетін қаражат көлемі жылдан жылға ұлғайып, 2015 жылға қарай педагогтардың еңбекақысы 2-3 есеге дейін артады деген жоспар жасалды. Бұл туралы өткен жылы республика мұғалімдерінің дәстүрлі тамыз кеңесінде ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлімдеген болатын. Бірақ мұндай жағымды жаңалыққа алғашқыда көпшілік қатты қуанса да, іштей сенімсіздік танытқан еді. Дәл қазір сол игі іс шындыққа айналып, қазақстандық ұстаздардың алды оның «дәмін»  тата бастады.

   Сонымен айлығы шайлығына әзер жетіп жүрген мұғалім атаулының еңбегін екі-үш айдың ішінде еселеп,абыройын асқақтатып жіберетін ғажайып жүйе салаға қаншалықты серпін берді? Жалпы, білім беру ісіндегі бұл жаңашылдықтың біз бен сіз біле бермейтін қандай сырлары бар? Осы сауалдарға жауап іздеп көрейік... 

«Сертификат иеленгеннің бәріне сенуге болмайды... 

   Естуімізше, кейбір педагогтар елімізде жүзеге асып жатқан жаңа жүйеден әлі күнге дейін бейхабар екен. Сондықтан,әңгіменің әлқиссасын аталмыш жаңашылдық жөнінде жан-жақты мағлұмат беруден бастағанды жөн көрдік.
   Біз сөз етіп отырған бұл үрдіс «мұғалімдерді деңгейлік оқыту» деп аталады. Яғни, педагогтар үш деңгей бойынша үшайлық арнайы оқу курсынан өтіп, кәсіби шеберліктерін шыңдайды әрі жалақыларын өсіре алады. Айта кетерлігі, бұл жүйеге тікелей жауапты - «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы. Былтыр құрылған аталмыш мекеме өкілдерінің айтуынша, бірінші деңгейлік курсты тәмамдап, сертификат алған ұстаздардың еңбекақысына - 100 пайыз, екінші деңгейден өткендердікіне – 70 пайыз, ал үшінші деңгейді бітіргендерге 30 пайыз үстеме ақы қосылады. Бағалай білген адамға, бұл үлкен қолдау екені сөзсіз. Бірақ, мұндай мүмкіндік кез келгенге бұйыра бермейді, яғни, деңгейлік оқытудың өз талаптары бар көрінеді.

   Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Бұлғын Жалмағамбетова:
- Негізінен, бұл игі бастама білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Аталған бағдарлама басымдықтарының бірі - мұғалімдердің мәртебесін көтеру. Осыған байланысты бірнеше іс-шаралар жоспары бекітілді. Соған сүйене отырып, Кембридж университетінің білім факультеті мен «Назарбаев зияткерлікмектептері» дербес білім беру ұйымдарының (ДББҰ) жанындағы педагогикалық шеберлік орталығы бірлесіп, үш деңгейлік бағдарлама жасады. Әр деңгейдің өзіндік курсы бар. Өткен жылдан бастап біздің филиал үшінші деңгейлік курс бойынша мұғалімдерді оқытуда. Былтыр - 300, биылғы жылы – 298 павлодарлық педагог үшінші деңгейлік курсты тәмамдап, сертификатталды. Сол күннен бастап олардың жалақылары да 30 пайызға артты. Екі мұғалім денсаулық жағдайына байланысты емтиханға қатыса алмады. Ал екінші деңгейлік курстан өткісі келетін ұстаздар Алматыға барып оқып келеді. Бірінші деңгейлік бойынша педагогтарды оқыту науқаны республика көлемінде әлі басталған жоқ. Ескере кететін жайт, деңгейлік оқыту курстарының өз талаптары мен шарттары бар. Сол бойынша осы курстарға келетін мұғалімдердің тізімін ҚР Білім және ғылым министрлігі бекітеді. Аталған құзырлы мекемеге облыстық білім беру басқармасы ұсыныс жасайды екен. Сондықтан, біздің тарапымыздан тамыр-таныстыққа немесе «көлденең көк аттылардың» оп-оңай олжалы болуына жол берілмейді, - дейді. Оның айтуынша,үстіміздегі жылы облыс бойынша тағы да 186 мұғалімді үшінші деңгейлік курстан өткізу жоспарлануда. Демек, соңғы екі жылда 800-ге жуық павлодарлық мұғалім үшінші деңгейлік курстан өтіп, 30 пайыздық үстеме ақыға қол жеткізбек.
   Ал бүгінге дейін аймақ мұғалімдерінің қаншасы Алматыға аттанып, екінші деңгейлік курстан өткені немесе өтіп жатқаны әзірге белгісіз. Бұған жауапты деген облыстық білім беру басқармасы өкілдерінің өздері олардың нақты санын білмей, дал болып отыр.
   Бір анығы, Бұлғын Жалмағамбетованың сөзіне қарағанда, білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2015 жылға дейін Қазақстан ұстаздарының 50 пайызын осындай курстардан өткізіп, білім сапасын жаңарту көзделуде. Сонымен қатар, аталмыш бағдарламада мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесі де назарға алынғанын атап өткен жөн. Алайда, осынау жаңашылдықтың арқасында еңбекақысы еселеніп, тұрмысы түлеп, қалтасы қалыңдап жатқан педагогтар қауымының қаншалықты мемлекет сенімін ақтайтыны - уақыт еншісінде...
   Дегенмен, үш ай бойы деңгейлік оқу курстарынан өтіп, сертификатын алып, жалақысы өскен мұғалімдердің бұдан кейінгі әрекеті еш бақыланбайтынын ескерсек, көңілімізге үміттен гөрі күдік ұшқыны ұялайтыны даусыз. Мұны ұстаздарымыздың өздері де мойындап отыр. Солардың бірі – облыс орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған қазақ гимназия–интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мұхит Әутаев:
- Мен өткен жылдың қазан айында Алматыға барып, екінші деңгейлік курсты оқып келдім. Мұғалімдер үшін тиімділігі зор екеніне көзім жетті. Бірақ, бұл курстардан алған білімді ұстаздарымыздың өз сабақтарына қалай және қаншалықты қолданып жатқанын міндетті түрде қадағалап, тексеріп тұрған жөн деп ойлаймын. Онсыз болмайды. «Сертификат» иеленгендердің бәріне сенім арта беру дұрыс емес, - дейді. Кезінде білім беру саласының жілігін шағып, майын ішкен Қазақ КСР және КСРО-ның оқу ісінің озаты, қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз Тәжібай Шәймерденов те мұғалімдер біліктілігін арттырудың бұл әдісін ғылыми тұрғыда әбден зерттеп, содан кейін ғана қолданысқа енгізіп, баға беру қажеттігін және тексерістің де болуы тиіс екенін алға тартады.
   Ақсу қаласының ардагер ұстазы Бақыт Бұланбаева деңгейлік оқыту курсын тәмамдағандардың аяқ алысы ары қарай бақыланбайтын болса, мұның соңы мұғалімдердің білім емес, «ақша қуу» бәсекесіне айналуы ықтимал екенін айтады. «Жоғары жақтағылар «мектепті тексеріп кел» деп үміт артып жіберген комиссиясымақтардың шын мәнінде білім беру мекемелерін тексергеннің орнына, ішіп-жеп, құрметті құдадай күтіліп қайтатыны жасырын емес. Міне, сенім білдірген адамдар осындай әрекетке барғанда, қатардағы қарапайым мұғалімдердің өз ісіне қаншалықты адал екендігі жайлы айтудың өзі артықтық болар. Қазір көпшілік бас пайдасын ғана ойлаған заман ғой... Ең бастысы, ел болашағы үшін жұмсалып жатқан мемлекет қаржысы далаға ұшпаса екен,» - дейді ол.
   Осылайша, арамызда аталған жаңашылдықтың жемісті болуы үшін, соған сай қатаң бақылаудың да орнағанын құптайтындар аз емес. Бұл – саладағы игі бастаманы сынау емес, керісінше оның ғұмыры баянды болып, игілігін жас ұрпақ көруге жазсын деген жақсы ниеттен туып отырған орамды ой болса керек.

Басты мақсат – табысқа жету!
 
   Бір қызығы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның өкілдері жоғарыда сөз болған мәселеге қатысты мүлдем басқа уәж айтады.
- Біздің дәстүрлі білім беру жүйесіндегі түрлі тексерулерге әбден етіміз үйреніп қалған. Тіпті, тырнақ астынан кір іздемесек,тұра алмаймыз. Ал Кембридж университетінің бағдарламасы бойынша жүзеге асып жатқан мұғалімдерді деңгейлік оқыту шарасының ең басты ұстанымы – ұстаздар біліктілігін тексеру немесе бағалау емес, керісінше, оларға қолдау көрсетіп, табысқа жетуіне жәрдемдесу болып табылады. Қысқасы, біз адамды сүю арқылы ынталандыру, жігерлендіру қағидасына бағынамыз. Сондықтан, осы курстарды оқып, белгілі себептерге байланысты сыннан сүрінген мұғалімдердің көзін шұқып, кемшілігін бетіне баспаймыз. Қайта, оларға түсіністікпен қарап, екінші рет емтихан тапсыруына мүмкіндік береміз. Негізінен, деңгейлік оқу курсынан өтпей қалатындар өте аз, мыңнан біреу десек те болады, - дейді аталмыш акционерлік қоғамның деңгейлік бағдарламалар орталығының басшысы Гүлзада Құдайбергенова. Оның сөзіне қарағанда, осы уақытқа дейін еліміздің түкпір-түкпірінен 1200-ге жуық мұғалім Алматыға барып, екінші деңгейлік курстан өткен екен. Сондай-ақ, аталмыш курсқа баратындардың жас ерекшеліктеріне де ешқандай шектеу қойылмайтын көрінеді.

   Бұл ретте, не бақылау, не тексеру болмайтын бұл өзі қандай «ғажайып» жүйе деген заңды сауал қай-қайсымызды да толғандыратыны сөзсіз. Мамандардың айтуынша, біз сөз етіп отырған деңгейлік оқыту шарасы дүниежүзіндегі ең үздік бағдарлама екен.
- Біздің мұғалімдер оқып жатқан Кембридж университеті оқытушыларының әдісі әлем бойынша ең озық тәжірибе саналады. Жалпы, аталмыш жоғары оқу орны - дүниежүзіндегі ең таңдаулы әрі беделді университет. Мұнда тек ағылшындар ғана емес, бүкіл әлемнің белгілі ғалымдары бірлесіп еңбек етеді. Олардың алға қойған мақсаты – білім беру ісіндегі осынау таңдаулы тәжірибені барлық мемлекетке тарату. Осы мақсатта былтыр Алматыға Кембридж университетінің 51 ғалымы келіп, қазақстандық мамандармен жұмыс істеді. Біздің байқағанымыз, педагогтар үшін мұның берері мол. Оны ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес, -дейді Гүлзада Құдайбергенова.
   Ендеше, аталған оқу курсының отандық білім беру саласы үшін қаншалықты тиімді екендігін оның дәмін татқан ұстаздарымыздың өздерінен сұрап көрейік...

Алмагүл КӘРІПЖАНОВА, дарынды балаларға арналған "Жас дарын" мамандандырылған мектебінің мұғалімі:

  - Мен алысқа бармай-ақ, осындағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының Павлодар облысы бойынша филиалында үшінші деңгейлік курстан өттім. Бірінші айда кәдімгідей оқу оқыдық, екінші айда өзіміз еңбек етіп жүрген мектепке келіп, тәжірибе жасадық. Ал үшінші айда қайтадан курсқа барып, оқу мен тәжірибеден алған білімімізді көрсеттік, тұсаукесер сабақтарын өткіздік, емтихан тапсырдық. Оқу соншалықты қиын болған жоқ. Бірақ, қолданыстағы дәстүрлі білім беру жүйесіне қарағанда, біршама өзгешелеу деп айтуға болады. Бастысы, егер педагогтар үш ай бойы алған білімін өз сабақтарына дұрыс қолдана білсе, курстың берері мол деп ойлаймын.  

Шәмшібану ДҮЙСЕНОВА, дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
 
- Үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап Алматы қаласында екінші деңгейлік курста оқып жатырмын. Бастапқыда бір ай осында болып, кейін Павлодардағы өз мектебіме барып, тәжірибеден өтіп келдім. Қазір емтихан тапсыруға дайындалудамын. Естуімше, сынақты шетелдік мамандар қабылдайды екен. Осыдан сүрінбей өтіп, сертификатқа қол жеткізсем, үш ай бойы алған білімімнің жемісін оқушыларға беремін деген ниеттемін.
   Өзім білім беру саласында 18 жыл бойы қызмет істеп келемін. Шыны керек, осы уақыт аралығында байқамаған кейбір жайларды курстан үйрендім. Сол жағынан қарағанда, бұл шараның барлық мұғалім үшін пайдасы көп дер едім. Ал оның тиімділігін жұмысқа кіріскеннен кейін дәлелдей жатармыз.


Мұхит ӘУТАЕВ, Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған қазақ гимназия–интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
- Деңгейлік курстың тиімділігі туралы басында айтып кеттім ғой. Маған ұнағаны – осы курсқа барған мұғалімдердің үш ай бойы еңбекақысы сақталады әрі оқу барысындағы барлық шығынды, яғни, жатар орын мен тамақ жағын мемлекет қаржыландырады. Сондықтан, курсқа келген мұғалімдер ешбір алаңсыз оқуларымен айналысулары тиіс.

Міне, өздеріңіз куә болғандай, курсқа барып келген аймақ педагогтарының пікірі осындай. Ең бастысы, мұғалімдердің ештеңеге алаңдамауы үшін барынша жағдай жасалған, дейді көпшілік. Бірақ, ұзын құлақтан естуімізше, «үйбетін көруден қалатын» үш айлық курстың кесірінен кейбір ерлі-зайыптылардың арасында түсініспеушілік туындап, шырқыбұзылып жатқан шаңырақтар да бар көрінеді. Ал біз әңгімеге тартқан педагогтардың бірі басы бос, отбасы жоқ екенін айтып, мұндай жағдайдан бейхабар екенін алға тартса, енді бірі екі-үш ай бойы қосағының қабағынан қар жауғанын жасырмады. Тіпті,олардың арасынан: «біз курста ойнап жүрген жоқпыз ғой, таң атқаннан күн батқанға дейін оқуда боламыз, қонақ үйге ұйықтауғағана келеміз», - деп бұлқан-талқан болып, ашуға бой алдырғандарды да кездестірдік.
   Ұрпақ қамы үшін ақ тер-көк тер болып жүрген ұстаздарымыздың осы әрекетінен-ақ мәселенің мән-жайына қанық болдық. Ендеше, аталған жайдың ар жағын қазбаламай-ақ, осы жерден тізгін тартқанымыз жөн болар...

«Курстан әркімнің-ақ дәмесі бар...

    Бір қызығы, дәл қазір мұғалім атаулының бәрі деңгейлік курстан өту арқылы еңбек-ақыларын арттырудың әрі кәсіби шеберлігіншыңдаудың қамын ойлап жүгіріп жүргенде, бұл қамқорлықтан әдіскерлер қауымы құр алақан қалып жатыр екен. Мамандардың айтуынша, аталмыш бағдарлама талабы бойынша деңгейлік курстан өту құқығы тек мұғалімдерге ғана берілген. Сондықтан, мектепдиректоры да, оның орынбасары да оқушыларға сабақ беретіндіктен, яғни, «мұғалім» санатына жататындықтан мұндай мүмкіндіккеқиналмай-ақ қол жеткізе алады. Осы тұрғыдан алғанда, білім беру саласында еңбек етіп жүргеніне қармастан, мемлекет қолдауынан қағылып отырған әдіскерлер қауымының өкпе-реніші орынды сияқты. Облыстық білім беруді және тәрбиелеудідамытудың инновациялық орталығының әдіскері Бақытгүл Аушахманова:
- Мұғалімдерді деңгейлік оқыту курсы қай жағынан алып қарағанда тиімді көрінеді. Өкініштісі, бұған біз сияқты әдіскерлердің баруына жол берілмейді екен. Шыны керек, қазір облыс орталықтарында ғана емес, аудандық білім беру бөлімдерінде де көптеген әдіскер әріптестеріміз қызмет істейді. Олар да ел қатарлы біліктілігін арттырып, үстеме ақыға ие болып, мәртебелерін көтергісікеледі. Бірақ, білім заңында бұл мәселенің қарастырылмағаны әділетсіздік деп ойлаймын. Қалай дегенмен де, ішімізде бір қынжылыс бар, - дейді.
   Осылайша, деңгейлік курстан өтуге ниетті әдіскерлер қауымы «әділдік» іздеп жүргенде, бұл мүмкіндікке толық құқығы бардеген педагогтарымыздың арасында да сол әріптестерінің кебін кигендер баршылық екенін байқадық. Олар кімдер дерсіз? Аты-жөндерін ашық айтуға жүректері дауаламаған екі-үш мұғалімнен кейбір мектеп басшылары деңгейлік оқыту курсына жіберілетін ұстаздарды алалайтынын, яғни, бұл жерде де әділдікке емес, тамыр-таныстыққа жол берілетінін естіп қалдық. Сонда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ өкілдерінің: «курсқа келушілердің тізімін ҚР Білім және ғылым министрлігі бекітеді»- дегені жалған ба? Осы істің басы-қасында жүрген жандардың бірі - Бұлғын Жалмағамбетованың сөзіне қарағанда, аталған министрлікке жіберілетін тізімді облыстық білім беру басқармасы ұсынады.
   Ал аталмыш басқарма мамандарының сөзіне сенсек, деңгейлік курсқа лайық делінген мұғалімдердің тізімін алдымен әр мектеп аудандық, қалалық білім беру бөлімдеріне өздері ұсынады, содан кейін ғана олар оны облысқа жібереді екен. Бұдан соң осы жердегі мамандардың қолынан өткен тізім құзырлы министрлікке қарай жол тартатын көрінеді. Осыған қарап, мұғалімдерді деңгейлік курсқа жіберу ісінің қаншалықты әділ немесе әділетсіз өтіп жатқанын дөп басып айту қиын, әрине. Десе де, бастапқыда негізгі таңдауды мектеп басшылары жасайтындықтан, көп дүние солардың «көрегендігі мен ниетіне» байланысты екеніне еш күмән жоқ.
   Алайда, біздің мақсат – біреуді даттау немесе бүлік шығару емес, ел ертеңі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргенұстаздар қауымының басындағы көлеңкелі және күнгейге толы мәселелерді көпшілікке жеткізу, сол арқылы қоғамға ой салу.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
САРЫАРҚА САМАЛЫ

 

Пікірлер 

Цитата
 
0
ІІІ деігейдің з айына келдік. Көтеріңкі көңілмен сертификатты алып үйіме аман есен қайту мақсатым. :zzz
Цитата
 
0
Мен өзім осы деңгейлік курстың ашылғанына өте қуаныштымын. Осы курсқа өзім де барып оқығым келеді. Бірақ бізді сендер шағын жинақталған мектепсіңдер деп жібермей жатыр. Себебі неде екенін түсінбей -ақ қойдым. Шағын жинақталған мектепте бұл әдіспен жұмыс істеу меніңше өте ыңғайлы деп ойлаймын
Цитата
 
0
Менде осы деңгейлік курстың ашылғанына қатты қуанып, біріншілерден болып жазылып едім. Өкінішке орай, мектеп басшысы ұсынып қайта -қайта жібергенімен қалалық білім беру ұйымындағы әдіскерлер бейнелеу өнері және сызу пәні мұғалімдеріне деңгейлік оқыту бағдарламасы курсына баруға болмайды деп қайтарды. Неге?
Сын тұрғысынан ойлай бағдарламасы бойынша неше жылдардан бері сабағымда пайдаланып келемін. Менің сіздерден әріптестер өтінерім, білсеңіздер айтыңыздаршы, осы пән мұғалімдеріне баруға рұқсат жоқ деген бүйрық барма?
Цитата
 
0
З денгейдi окыдым ендi 2-денгейге барайын десем жiбермей жатыр осы занды ма?
Цитата
 
0
Биринши санаттагы 20 жыл енбек отили бар мугалим 2 дейлик курска бара алады ма.

Пікір қосыңыз

Құрметті оқырмандар! Көтерілген мәселеге арналған пікірлеріңіз ой қосатындай салмақты болуын және 5 сөйлемнен кем болмауын қалаймыз

Кері байланыс

  • Мекенжай: Алматы қаласы, Пушкин көшесi, 78
    (Қабанбай батыр көшесiнiң қиылысы)
  • Тел: (+7 727) 293-88-94, 293-88-75

Институт жайлы

«Мемлекеттік тілді дамыту институты» ЖШС мемлекеттік тілді қолдану мен дамытуға өз тарапынан үлес қосу үшін құрылған. Негізгі қызметтері :
Орыс және өзге тілдерден қазақ тіліне, қазақ тілінен өзге тілдерге аудармалар жасау. Түрлі мәтіндердің қазақ тілінің нормасына сай құрылғандығын тексеру, редакциялау, корректуралық тексерулерден өткізу, лингвистикалық кеңестер беру; ...
Толығырақ