THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармалары жайлы мәліметтер ұлы ақын дүниеден өткен соң барып қолға алынған көрінеді. Бұл туралы абайтанушы ғалым Қайым Мұхаметқанұлының 1991 жылдың 28 тамызында «Семей таңы» газетінде жарық көрген еңбегінен байқаймыз. 1905 жылы «Семипалатинский листок» басылымында, 1907 жылы «Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела Русского географического общества» атты басылымда Абайдың дүниеден өткені жайлы «қазанама» (некролог) жарияланған екен. «Бұны істеген адам – Әлихан Бөкейханов» деп жазады Қайым аға.
Одан кейін 1908 жылы Орынборда шығып тұрған «Уақыт» дейтін татар газеті Абайдың өмірі, ақындық өнері жайлы көлемді мақала басыпты.
Абайдың қазасынан (1904 жыл) кейін туыстары мен балалары ақынның мұрасын жинастырып, баспаға әзірлеуге кіріскен. Сөйтіп, Кәкітай мен Тұрағұл 1905 жылы жазға салым Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін жинап, түгендейді. Тапқандарын Мүрсейіт Бікеұлының қолына беріп, әдемілеп, көшіртеді. Ескіше құсни-көркем жазудың хас шебері Мүрсейіт молда арнайы тігілген қоста отырып, бір айда жазып шығады.
Кәкітай мен Тұрағұлға ұлы ақынның қолжазбасын жинақтап, баспаға дайындауды тапсырған адам Әлихан Бөкейханов. Әлекең 1915 жылы 18 қаңтар күні «Қазақ» газетіне жарияланған Кәкітайдің қазасы жайлы мақаласында: «…1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым. 1905 жылы шілденің аяғында Кәкітай Абайдың қолжазбасын алып Омбыдағы маған келді. Кәкітай біздің үйде бірер жұма жатты. Абай, Пушкин, Лермонтовтың сөздерін бірге оқып мәз-мәйрам болдық. …1908 жылы Семейге келдім. Мен Семейде абақты борышымды өтеп жүргенде Шәкерім, Кәкітай, Тұрағұлдар келіп амандасты. Абақтыдан шыққан соң мені Омарбек, Кәкітайлар Қарқаралыға шығарып салды…» дейді.
Осы орайда, аталмыш кітаптың жарық көруіне және дайындалуына Шәкерімнің де үлесі бар екенін дәлелдеп, жазып жүрген ғалым Асан Қайырбекұлының пікіріне құлақ түрсек:
– Ашығын айтқанда, Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін жинастыру ісіне Шәкерім араласқан жоқ. Себебі, жасы үлкен ағаны мұндай істен жөн білетін інілері Кәкітай мен Тұрағұл өздері босатқан сияқты. Неге десеңіз, Кәкітай мен Тұрағұл Абай ауылының бел балалары. Абайдың мұрасын түгендеу ісі осы екі азаматқа қарасты ауыл тұрғындары арасында жүргізілді. Екіншіден, Шәкерімнің қыстауы мен Абай ауылының арасы қашық-тұғын. Бірақ Абай мұрасын ретке келтіріп, бөлімге бөліп, баспаға әзірлеу ісіне Шәкерім араласқан, – дейді.
Оған дәлел ретінде, әлі ғылыми айналымға түспеген маңызды дерек Мінәш Әрхамқызының 1995 жылы «Абай» журналында жарық көрген «Кәкітай» атты мақаласын көлденең тартады. Мақала Кәкітайдың әйелі Бибі әжейдің естелігі негізінде жазылған.
Осындағы Бибі әжейдің естелігінде: төрт кісі (өзі және Тұрағұл, Шәкерім, Кәкітай) Абайдың жылын береміз деп керек-жарақ алуға Семейге келдік депті. Ұлы ақын 1904 жылы 23 маусым күні қайтыс болғаны белгілі. Жылын келесі 1905 жылдың маусым айында береді. Сол себепті Шәкерімдер мамыр айында жылдық беруден бір ай бұрын Семейге келуі шарт. Дәл осы кезде Әлихан Бөкейханов та Семейге жасырын келген. Тегі бәрі сөз байласып кезіккен сияқты. Өйткені, Әлекеңнің жоғарыдағы «Қазақ» газетіне жазған мақаласында: «…5 мамырда саясат ісін кеңесуге мен Семейге бұғып бардым. Шәкерім, Тұрағұл, Кәкітайлар әдейі қалаға келіп, мен Кәкітаймен параходта бірге жүрдім» дейді.
Бұлар осы басқосуда Абайдың өлеңдерін талқылаған, жіктеп, жіліктеген. Бибі әжейдің естелігінде: «Бұл кісі кім?» деп сұрағанымда, оқыған ақылды адам Абай ағаның өлеңдерін қараттық деген» еді дейді. Бұл арада шынында Шәкерім қажының қатысқаны байқалып тұр.
«Әбден дайындалған қолжазбаны Семейге Кәкітай алып кетті» деп жазады Әрхам ақсақал өзінің естелігінде. Сонымен қатар, жол шығынына арнап сатып, пұл қылу үшін екі семіз ат, екі семіз түйені бірге әкеткені айтылады.
Кәкітай осы сапарында Омбы қаласындағы Әлекеңе барған. Бұл туралы жоғарыдағы Әлиханның естелігінде толық айтылған. Омбыға Кәкітай соңғы нүктесі қойылған дайын қолжазбамен келген. Жинақта Абай өлеңдері 17 бөлікке топтастырылып, әрбір бөлікке жекелей тақырып («Халық туралы», «Өлең туралы», «Өзі туралы», «Ғашықтық туралы», «Ой туралы» т.б) беріліпті. (А.Омаров, «Шәкерім өмірбаяны» қолжазба, 91-бет).
«Ақын шығармаларын бұлай жіктеу шартты түрде болса да, тақырыбына қарай топтап бастыру сол замандағы оқырман қауымға Абайдың ақындығын таныту жолын жеңілдету мақсатынан туған болатын» – деп тұжырым жасапты ғалым Қайым Мұхаметқанұлы марқұм. («Абайдың ақын шәкірттері», Алматы, 1994жыл, 11-12 б.).
Семейде кездесіп, бірер күн көңіл көтер достар бірге суретке түседі. Бұл суретті көзі көрген Кәкітайдың немересі Мінәш апай былай деп жазады: «Сол суретте Бибі әжемнің бір жағында беті боялған кісі, тағы бір жағында Кәкітай атам, сыртында Тұраш ағам, екінші жағында Кәкітайдың иығына қолын салып, Шәкерім атам тұр еді» дейді. Ә.Бөкейхановты «халық жауы» деп жарияланғандықтан сақтық жасап, бетін бояп тастаған көрінеді. Бір әттеген-айы, бұл сурет сақталмаған, аласапыран заманда жоғалып кеткен.
Қысқасы Абайдың жинағын кітап қылып бастыру мақсатымен Омбыдан Қазан қаласына келген Кәкітай, ақыры қияндағы Петерборға бір-ақ барған. Әрине, жол шығынын ағайын-туғандар көтеріскен. Петерборға «200 сом қаражат жібердік» дейді Әрхам өзінің естелігінде.
Төрт жылға созылған шырғалаңнан кейін Абайдың алғашқы өлеңдер жинағы 1909 жылы басылып шығады. Жинақтың басқы бетінде: «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғылының өлеңі. Бастырған: Кәкітай, Турағұл Құнанбайұғландары. СПБ., Восточная электропечатня И.Бораганскога, 1909» деп жазылған.
Намыс порталы
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ