THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
404 - Ештеңе табылмады.
Кешіріңіз, сіз іздеген ақпарат бұл жерде жоқ.
Осы бір бабалар нақылы
ұлт тәрбиесінде ешқашан
өз маңызын жоғалтпайтыны анық
«Келіні жақсының керегесі алтыннан» демекші, қыздың тәрбиесiне қазақ халқының тек жеке отбасы ғана емес, бүкiл ауыл-аймағы, әулетi жауапкершiлiкпен қараған. Ата-ананың қанша баласы болса, әр бала ата-анаға өзiнше қымбат. Балаға, әсiресе, ана өте жақын келедi. Ал, отбасы тәрбиесiнде әкенiң де, ананың да орны бөлек. Әке мен ана баланың алғашқы ұстазы. Әсiресе, әкенiң рөлi ер баланы тәрбиелеуде басым. Әке ұлына өзiнiң бар өнерiн, естiп-бiлген бiлiмiн түгел үйретуге тырысады. Ал қыз абыройы – отбасының, елдiң болашағы, босағаның берiктiгi. Қазақ «қыздың жолы жiңiшке» деп бекер айтпаған. «Қызға қырық үйден тыйым», – деп тәрбиеге басты назар аударған. Бірақ, қазіргі күні қоғамдағы кейбір жантүршігерлік оқиғалар көбейіп, жағаңды ұстайтын жайттарға кезігіп жататынымыз жасырын емес. Ар-намыс пен қадір-қасиет адамзатпен бірге жасасып келе жатқан ұғым. Қазақ халқы ұятты, арлы, намысшыл болуға ұмтылған. Десе де, үй болған соң, қазан аяқ сылдырламай тұрмайды. Отбасындағы ұсақ-түйек мәселелер кей жағдайда жанжал тудырады. Осыдан басталған кикілжің үлкен ұрысқа айналып, аяғы өкінішке ұрындырып жатады. Оның айқын көрінісі бүгіндері қарттар үйінде қазыналы қарияларымыз көбеюде. Қазақ қоғамында бұрын-соңды мұндай жағдай болмаған. Ал, осы жағдайдың орын алуының бәрі отбасындағы тәрбиеге байланысты болмақ.
Ұрпақ тәрбиесін ойлаған
Домалақ ана, Қараша ана, Мұрын ана, Дәулет бике, Қарқабат ана, Қызай ана, бергісі Айғаным, Зере, Ұлжан секiлдi көптеген аналарымыз бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп, елiне тұтқа боларлық ұл-қыз өсiрiп, тарих қойнауынан ойып тұрып орын алған абыздар. Сол абыз аналар кезінде келін атағын абыроймен атқарып, кір келтірмеген. Ата-енеге қарсы келмей, ізет пен құрмет көрсетіп, ақылгөй даналықтың арқасында ел басқару ісіне де араласқан. Көкшетау қаласында тұратын қарт ана Ырысжан Ысқақова, өзінің жастық шағын еске түсіре отырып, келін әрқашан абыройлы болуы тиіс деп жастарға өсиет айтты.
– Біздің заманымызда оң жаққа ақ шымылдық құрылушы еді. Сол шымылдықтың ішінде танысуға келген қайын інілер мен сіңлілердің атын сұрап, бастарынан сипап, қысыла күлімсіреп отыратұғынбыз. Ауылдағы жасы үлкен ата-әжелерге тік тұрып, құрмет көрсететінбіз. Енем мені «біреудің әлпештеген баласы ғой, бұйыртса, өз қызымдай көрермін» деп ерекше жомарттықпен қарсы алғаны әлі күнге дейін есімде. Кейін құрсақ көтеріп, дүниеге бала әкеліп, ата-енеме бақыт сыйладым. Үйдің күйбең тіршілігі бітпейді ғой, сол жұмыстың бәрі бір менің мойнымда болды. Ата-енемнің қолын жылы суға салдым. Кейін өмірден өтер алдында маған ол кісілер ақ баталарын беріп, алғыс айтты. Міне, қазір мен де бақытты анамын, немере, шөберелерімнің асыл әжесі атанып отырмын, – дейді Ырысжан апай.
Қазіргі күні келін мен ененің қарым-қатынасы қандай? Көп жағдайда келін мен ене бір-бірін жақтырмай, ит пен мысықтай арбасып, кірпідей жиырылып, түрпідей тиісетінін естіп те, көріп те жүрміз ғой. Көпке күл шашып отырғанымыз емес, бірақ қоғамда аракідік осындай жайттардың кездесетіні шындық. Нарықтық экономика өрлеген соң, тұтас қоғам, әсіресе, отбасы мүшелерінің ішінде ене мен келін арасындағы қарым-қатынас шиеленісіп кеткен-мыс. Бірақ, екі арадағы сыйластық керуені қазақ топырағында ешуақытта үзіліп көрген емес. Оның айқын дәлелі кешегі Ұлы Абай Құнанбаевтың қос анасы Зере мен Ұлжан. Осы зиялы өнегеден тәлім-тәрбие алғанымыз жөн болар еді. Қазақ келіндерінің жиынтық бейнесін үлгі етер біздің абыз аналарымыз жетерлік әрине.
Келін де ене болмай ма?!.
«Атаңа не қылсаң, алдына сол келер» деген біздерде тағылымы мол мақал бар. Отбасының ұйытқысы таңның атысы, күннің батысы қым-қуат тіршілікпен жүріп, ұрпақ тәрбиесін отбасы институтының ең жоғары сатысына көтерген біздің ардақты аналарымыздың мәртебесі бәрінен биік тұрады. Өйткені, әр ана құрметке лайық. Осы орайда, ислам әлеміндегі отбасының қарым-қатынасын мысалға келтіргеніміз артық емес. Әл-Бұхари мен Мүслімнен жеткен сахих хадисте былай делінеді. Бір жолы бір кісі келіп: «О, Алланың елшісі! Адамдар арасында менің сыйыма айрықша лайық кім?» деп сұраған екен. Сонда Пайғамбарымыз салла Аллаһу әлейхи уәссалам: «Сенің анаң», – деп жауап береді. Әлгі адам: «Содан кейін кім?» дейді сұрағын жалғастырып: «Сенің анаң», – дейді Мұхаммед (с.а.с.). Әлгі адам: «Ал содан кейін кім?» деп тағы қайталай сұрағанда: «Сенің анаң», – деп жауап берген екен Расулалла (с.а.с.) үшінші мәрте. «Содан кейін ше?» деп қайталай сұрағанда: «Сенің әкең» деген екен Алла елшісі (с.а.с.). Демек, Жаратушы Иеміздің белгілеуі бойынша, кез келген пенде үшін анасының хақы айрықша жоғары!
Сондықтан, күйеуінің мойнындағы ең басты осынау міндетін, яғни, оның өз анасын мейлінше разы етуі тиіс міндетін мүлтіксіз атқаруына өз үлесін де қоспаққа келін барын салады. Яғни, жақсы жар, иманды келін енесін өз анасындай құрметтеуге, бар жағдайын жасауға тырыспақ. Себебі, жаннаттан үміткер әрбір келін оның бір кілті енесімен қарым-қатынасында жатқанын терең сезінеді. Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Жаратушымыз «Лұқман» сүресінің 14-аятында: «Маған және ата-анаңа алғыс айт. Қайтып келер жерің – менің алдым», – дейді. Бәрін Білуші Алла Тағала аталған аятта: «Сыйлауға, алғысқа лайық» деп өзінен кейінгі орынға ата-ананы қойып отыр.
Келін ұрпақ анасы. Иманды да ибалы келін – тектіліктің тұғыры екенін білген текті әулет келінін жөнсіз тұқыртып, сөкпейді. Сыйлайды. Айтар ақылы мен қояр талабын тұспалдап «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деп жеткізіп, даналықтың ғажап үлгісін көрсетеді. Бүгінгі келін ертеңгі ене емес пе? Сондықтан, қазақы болмыстан әрі аттамай, татулығы жарасқан берекелі де бақытты отбасылар көбейе берсе екен.
«Арқа ажары»
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ