КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Qazaq tili» Халықаралық академиясы мен Мемлекеттік тілді дамыту институты бірлесіп 3 қараша күні ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің тапсырысымен 2023-2025 жылдар арасында жүргізіліп жатқан жоба аясында «Мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін оқыту: тәжірибе мен өзекті мәселелер» атты республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Оқу-ағарту министрліктерінің және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, Тіл саясаты комитетінің, Қалалық және облыстық тіл басқармаларының жауапты мамандары, Республикалық және өңірлік тіл орталықтарының басшылары мен әдіскерлері, Қазтест өкілдері, докторанттар мен магистранттар, БАҚ  өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында: қазақ тілін ересектерге оқытудың қолданыстағы жүйесі, ересектерге арналған курстардың ұйымдастырылуы; Тіл орталықтары қолданатын оқу-әдістемелік құралдарға ғылыми-әдістемелік талдаулар жүргізу; Қазтест жүйесі, мемлекеттік тілді білуді  бағалаудың құқықтық негіздері; Тіл орталықтарында мемлекеттік қызметшілерді оқытуға бөлінген сағат көлемі  мен  жұмсалған қаржының тиімділігі; Ересектерге қазақ тілін үйретудегі маңызды факторлар (тілдік орта және сабақтастық); Әр саладағы кәсіби қазақ тілінің бағдарламасы мен оқулық ресурстарына шолу, т.т.  сынды мәселелер қарастырылды.

Жиынды бастаған Халықаралық түркітану орталығының төрағасы, Халықаралық «Қазақ тілі» академиясының президенті, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, ҚР ҰҒА мүше корреспонденті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ф.ғ.д. профессор Ерден Қажыбек БҰҰ ережесі бойынша мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілді өте жақсы деңгейде білуі қажет екендігін алға тартып, әр мемлекеттің дамуы тек әлеуметтік, мәдени  немесе экономикалық өсуі емес, тілдің даму деңгейіне байланысты екендігін айтты.

Келесі сөз тізгінін алған ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлық - "Алтын күз" орденін иегері және “Құрмет” ордені иегері, “Қазақ үні” газеті ЖШС президенті Қазыбек Иса: «Мемлекеттік қызметшілердің оның ішінде билік басындағылардың қазақ тілін меңгеруі өте маңызды.  Өзіміздің ана тілімізді өзіміз қадірлемесек, өзге ұлттар қайдан сыйласын. Шыны керек, мемлекеттік қызметкерлері мемлекеттік тілде сөйлемейтін жалғыз ел бар әлемде, ол – Қазақстан. Әр жиында, отырыстарда ана тіліміздің мүддесін қорғап, тілді дамыту үшін күресіп келеміз. Өкінішке орай, нәтиже өте аз. 2019 жылы Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдансын деген пікірді ортаға салдым. Ол үшін ҚР Конституциясындағы заңдарға өзгеріс енгізу қажет. Осы аталған пікірімді даттағандар да, қолдағандар да болды. Қазір де ауқымды жиындарда тілге қатысты мәселер көтеріліп, айтылып жүр», деп сөзін түйіндеді Қазыбек Жарылқасынұлы.

Республикалық конференцияға арқау болған «Мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін оқыту: тәжірибе мен өзекті мәселелер» атты ғылыми жобаның авторы Ресей Жаратылыстану ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, Қыздар педагогикалық университетінің профессоры Тыныштық Ермекова Дүниежүзіндегі барлық өркениетті мемлекеттердегідей мемлекеттік басқару жүйесінде қызмет ететіндердің барлығы мемлекеттік тілді білуге міндетті екендігін атап айтты.

Жоба жетекшісі тілді оқытудағы басты фактор, түрткіжайт мемлекеттің әлеуметтік-мәдени, тіпті саяси құбылысына тікелей тәуелді екендігін айта келіп, тілді оқытуды қоғамдық әлеуметтік және жеке факторлар деп бөлген.

Сондай-ақ конференцияға онлайн қатысқан Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов  Қазақстан көп ұлтты мемлекет екендігін алға тартып, кез келген көп этносты мемлекетте тілдер атқаратын қызметіне, таралу деңгейіне, тұтынушылары санына, ел тарихындағы, мәдениетіндегі, экономикасындағы, т.б. өзіндік орны мен рөліне қарай бөлінетіндігін атап өтті.

Республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстел барысында  сөз алған «Мемлекеттік тілді дамыту институтының» атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек Тіл орталықтарында мемлекеттік тілді оқытудағы жүйесіздікке тоқталып өтсе, Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет «Мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін оқытуды ұйымдастыру» мәселелеріне тоқталып өтсе, ҚазҰУ түркология және тіл теориясы кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор Жанна Күзембекова «Қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтаудағы ҚазТест рөлі», ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Айгерім Абилова «Мемлекеттік қызметшілердің тілдік деңгейін Qazaq resmi test арқылы анықтау және тілдік құзыреттіліктерін дамыту» мәселелерін сөз етті.

Мемлекеттік тіл  мемлекеттік маңызды мәселе болғандықтан, ол азаматтық, патриотизм, мәдени тұтастық сияқты ұғымдармен тығыз байланысты. Тіл білу халықты, оның тарихын, тұрмысы мен әдеп-ғұрпын және салт-дәстүрлерін терең тануға жол ашады. Біздегі азаматтар мемлекеттік тілді түгел білмейді, оны талап ететін тетік те жоқ. Басқаларға ұлттық мемлекет ретінде танылғымыз келсе, біз ең алдымен қасиетті ана тілімізді сақтауымыз керек. Міне, республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстелге арқау болған тақырыптың маңыздылығы осында.

Дөңгелек үстелде көтерілген мәселелер бойынша қарар қабылданып, тиісті орындарға жолданды.

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз




29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 472 0







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 896 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 1082 0




















ТЕКСТ

Яндекс.Метрика