КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Қазақ халқы өзінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын аса жоғары бағалаған, оны сақтап ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап жеткізуге тырысты. Кешегі кеңестік кезеңдегі орыстандыру, интернационалдық тәрбиенің кеңінен етек алуы қазақ халқын өзінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан қол үзуіне әкеліп соқтырды. Соның салдарынан қазақи салтынан, әдет-ғұрпынан ажырап қалды.
    Әр халықтың, соның ішінде қазақтың сан ғасырдан қалыптасқан өз дәстүрі бар. Осыны біз қалай сақтап жүрміз? Бүгінгі әңгімемізде тек үйлену тойы айналасындағы қазақи болмысымызды тілге тиек етуді жөн көрдік. Өйткені соңғы кезде еліміздің тәуелсіздік алуына байланысты бұрынғы ата-баба дәстүрі мен салтына ден қоя бастадық. Бірақ онда да бұрмалаушылық басым.
    Бір көңілге түйер мәселе, еліктеу ме, әлде білместік пе, тойларымызда қазаққа мүлдем жат, келеңсіздікке ұрындырар дәстүрлер дендеп еніп барады.
    Той – үлкен салтанат, зор қуаныш, үлгі мен өнегенің өшпес салт-дәстүрлері айрықша көрінетін тәрбиелік орын. Сол себепті, ең бастысы тойды өткізетін, жүргізетін, оның сәнін келтіретін асабаны дұрыс таңдай білу керек. Қазір небір асабалар бар. Тілге шешен, өнерге жүйрік, сегіз қырлы, бір сырлы асабалар жетерлік. Оларды қолы ұзындар, сонау Астана, Алматы және т.б. қалалардан алдырып жатады. Бірақ олар жергілікті жердің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жете білмейді. Тіпті жетесіздікке салынады. Оған дәлел ретінде осы Атырауда өткен бір-екі тойдан ой қозғай кетейік.
Бір тойда Алматыдан келген асаба беташар айтылғаннан кейін жаңа түскен келіннің бетін өз енесіне аштырды. Бұл қай сасқаны? Ежелден беташар айтылғаннан кейін бетіндегі орамалды домбыраның мойыны немесе қамшының сабымен ашпаушы ма еді? Келіннің бетін ешуақытта әйел ашпаған. Міне, осы дәстүр соңғы кезде етек алып, әйелдерге аштыру жалғасуда. Тек ауылдың белді келіндері қамшыға байланған орамалдарды шешіп, үлестірген ғой.
    Бүгінде қазақ той тойласа ескі салт-дәстүрімізден гөрі қуаныштың қызығын аста-төк асқа тіреп, түсініксіз салттарды қолданатын болды.
Бұрынғы қазақ тойының сәні өнерлі қыз, әнші жігіт, дәулескер күйші, тіл безеген шешен болатын. Қазір музыка барынша қатты қойылып, құлақ сарсытады, ештеңе естімейсің. Жақсы әндер де, өлеңдер де айтылады. Бірақ құлаққа сіңбейтін әрсіз-нәрсіз «өлеңсымақтар» көп. Халық әндері, өсиет термелер аз. Тойда отырған адамдардың жас ерекшеліктері ескерілмейді. Кейде ерсі құлаққа түрпідей тиетін әзіл-қалжыңдар да айтылып жатады. Оған ескертулер жасалмайды, керісінше дарақы күлкілер қошемет көрсетеді.
    Тағы бір тоқталар нәрсе, тойда көп жақсы тілектер айтылады. Сый-сияпатпен бірге көңіл жылуы қатар беріледі. Міне, осы сәтті ұтымды пайдалануда асаба шеберлігі мен той иесінің талғамы қажет. Қазір қазақтың тойы мылжыңдар жиналысына айналып барады. Бітпейтін бір сарынды жаттанды тілек, лепірме сөз. Тойда сөзді ақсақалдар мен азаматтар, ел аналары мен сөйлей білетін адамдарға шектеп берген дұрыс.
Бұрын тойларда әкесі, анасы сөйлесе бала-келіндері мен қыз-күйеулеріне сөз бермейтін. Қазір бәрі қатарласа тұрып сөйлеп, тіпті немере-жиендеріне ән, тақпақ айтқызып, би билетеді. «Жас сәбиге көптің назары түседі» деген қағиданы ұмытуға айналдық. Оларға таласа ақша шашып, балаларды жаман әдетке, дарақылыққа тәрбиелеп жатқанымызды сезінбейміз.
    «Жүре берсең, көре бересің» дегендей тағы бір тойда оңтүстік астанамыздан келген белгілі бір журналист асаба ортаға 70-тен асқан әжесін шақырып, ұзатылып жатқан немересі мен күйеу баласына «қол ұстау» жасатты. Неғылған жетесіздік? Қай қазақта анасы, әжесі қызының қолын ұстатқан, бұл жеңгелерінің міндеті емес пе?! Оны дүйім халықтың көзінше жасамаған ғой.
    Қазақтың байлығы мен бақыты ұрпағы. Атам заманнан келе жатқан құда түсірт, қыз ұзат, келін келтірт деген ұғым қасиетті қанымызға сіңген. Бұл айналадағы салт-дәстүрді әрбір қазақ берік ұстанған. Әрине, кейбір аймақта түрлі салт-дәстүрлердің өзгешелігі болар, бірақ ол қазақтың тәлім-тәрбиесінен шығып кетпеген. Бәріміз бір атаның баласы, «бар қазақ – бір қазақ», «Әр қазақ – жалғызым» деген қағидалы ойдан әрі алыстамағанын ұмытпауымыз тиіс.
    Бүгінгі қазақ тойынан көретініміз бір сурет. Бәсекелестік пен дарақылық. Көргеннен көзақы алу. Бірінің жасағанын бірі қайталау. Оның тәрбиелік, үйренерлік мән-мағынасына үңіліп жатпайды.
    Түнде келіннің бетін аштырып, ұзатылатын қызды сыңсытып үстел жағалатып сәлем еттіреді. Бұл қазақтың қай дәстүрінде бар еді? Ақша табу жолына түскен жетесіз шоумендердің тірлігі ғой. Оған қашан тосқауыл қоямыз. Бұл ойланарлық жайт. Қай қыз төркініне сәлем салушы еді?
Енді қыздарымызды түнде аттандыру етек алмақ. Бұрын бұл оңтүстік, шығыс, орталық Қазақстанда арагідік кездесетін еді. Батыста бұл дәстүр мүлдем жоқ болатын. Біз көрген бір тойда түнгі сағат 24.00-ге жетпей келінді құдаларға ілестіріп жіберді. Анасы сол шет аймақтан еді. Оған қой дейтін бір ел ағасы болмады. Сонда бұл не дәсүр? Тіпті ырымға да жаман емес пе? Түнде қай қазақ қызын ұрлап, жылатып шығарып салған.
    Барлық әдебиеттерден мұндай сорақылықты кездестірмедік. Қазақтың дәстүрінде жоқ. Қызын күндіз сыңсытуын, жар-жарын айтып, қонақасын беріп, жасауымен ұзатпаушы ма еді?!
    Айта берсек сөз түбіне жетпеспіз. Бұл ойлар кейінге сабақ болса деген ниет еді. Біздің ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз ең жоғары деңгейге қоюға әбден лайық. Оны бұрмаламай, орын-орнымен пайдалану кезек күттірмейді. Барлық қазаққа ортақ нәрсе. Салтың – санаң, ғұрпың – ғұмырың екенін естен шығармаған жөн-ақ.
    Бүгін салт-дәстүрімізге көз жұма қарасақ, ертең ұл мен қыздан қандай қазақы қайыр күтеміз? Тойды жақсы көретін қазағымыздың салтына кінәрат неден түсті? Осы сауалдарға бірлесе жауап іздесек деймін. Ұлттың салт-дәстүрі де, әдет-ғұрпы да, оның жоғары мәдениеті де қанымызда тулап, көкірегімізде күмбір қағып жатса, шіркін!

Ана тілі

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 471 0




29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 707 0





08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 1062 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 1197 0



ТЕКСТ

Яндекс.Метрика