THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Егемендік алып, тәуелсіз ел болғалы әлі
күнге дейін шешілмей келе жатқан мәселелердің бірі – мемлекеттік тіл мәселесі. Қазақ
тілі бай, шұрайлы дегенімізбен, салғырттығымыздың кесірінен көркем тілімізді
ажарынан айырып, шұбарландырып жібердік. Осы орайда жазушы Ғ. Мүсіреповтің «Тіл – салақ
сөйлегеннен бұзылады» деген нақыл сөзі еріксіз ойға оралады.
Кезінде ата-бабамыз білектің күшімен,
найзаның ұшымен елін, жерін жаудан қорғап болашақ ұрпағы үшін қан төкті. Шүкір,
бүгінде өзінің тілі мен діні, заңы, мемлекеттік туы, рәміздері, шекарасы,
ұлттық құндылықтары, салт-дәстүрі, өз мәдениеті мен әдебиеті бар зайырлы елміз.
Әлемнің озық дамыған елдерінің қатарына
енуге ұмтылған Қазақстан ғылым мен индустрияны дамыту үшін үштілді білім беру
жүйесін енгізді. Қазақ тілін және орыс, ағылшын тілін меңгерген қауымның ортақ
ақпараттық өрісте топтасып, бір-бірін жақсы түсініп, пікір алмасуына мүмкіндік
берді. Соны сылтаураттық па, заман талабына сай деп еліміздегі барлық сауда
орталықтары мен дүкендердің атауын жаппай ағылшын тіліне ауыстырдық. Ол аздай,
өз елімізде тұрып, кейбір мекемелерден қазақ тілінде ақпарат ала алмауымыз, дүкендерден
ана тілімізде нан сұрай алмауымыздан-ақ, ұлттық тіліміздің құнсызданып, қолдану
аясы тарыла түскенін аңғарамыз. Қазақ тілін білмеу ештеңе емес, бірақ орыс
тілін білмеуді ұят санайтын жастар туған тілін шұбарлап жүр.
Туған жеріміздің топырағын басып, ауасын
жұтып, тілін құрметтемеу – ұят! Бұл мәселені тіл жанашырлары ауқымды жиындарда қаншама
рет көтерді, көтеріп те жүр. Осы ретте, Абай атамыздың: «Жартасқа бардым, күнде
айқай салдым» дегенін еске салады. Баяғы жартас бір жартас.
Шұбар тілдің шынжырынан босай алмай
жүргенде, қала көшелеріндегі шала аудармалар мен өрескел қателерден көз
сүрініп, көңілің түседі. Жасыратыны жоқ, жарнама агенттіктерінде сауатты
аудармашылар жоқтың қасы, содан болар аяқ аттаған сайын сақау аудармалар көзге бірден
көрінеді.
Мәселен, Елордамыздың көшелерінің бірінде
ілінген мына жарнамалық билбордта «Обогреватели на любой вкус» дегенді «Әр
талғамға сай жалатқыштар» деп аударған. Қазақ тілінен мақұрым, өз ісіне салғырт
қарайтын аудармашының шала жұмысының нәтижесі бұл. «Марсианка» шоколадының сыртындағы «Неземное шоколодное
удовольствиені» «О дүниелік шоколад ғанибеті» деп аударғанды көрген жұрт
жағасын ұстады. Бірі күлкіге қарық болса, екіншісі, «бұл күлетін жағдай емес, ұяттан қызару керек» деген пікірде.
Бұрын-соңды банктің аяғы қатып қалғанын
естіп көрдіңіз бе? Иә, иә дұрыс оқыдыңыз. Аудармашысымақтар «Окорочек цыпленка-бройлера замороженный» дегенді «Орталық банктің аяғы
қатып қалды» деп аударып, айды аспанға бірақ шығарды. Осындай шала аудармалар
ұлттық тіліміздің қадірін кетіріп, болашағына балта шабатын. Мұндай қате
жарнамалар туралы жазылып та, айтылып та жүр.
Өкінішке орай, елеп жатқан естір құлақ жоқ.
Тағы бір айта кететіні, Қазақстан
Республикасының «Тіл туралы» заңының 21-бабында: «Маңдайшалар, бланкілер,
хабарландырулар т.б. мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе)
басқа тілдерде де орналастырылады» деп атап көрсеткен. Ал, бізде керісінше кез
келген жарнаманың мәтіні алдымен орыс тілінде дайындалады да, кейін қазақ
тіліне аударылады. Оны аудармашысымақтар «онлайн аудармаға» салып, мағынасын
емес тікелей сөзбе сөз аударып, қазақ тілінің нормаларын мүлде сақтамайды.
Осыдан кейін жарнама беттерінде өрескел
қателер биттей өріп жүреді. Сақау жарнама, сауатсыз аудармалардың мағынасын
түсінбей, бірі күлкіге қарық болса, екіншісі мемлекеттік тіліміздің түгі
жығылып, тікені мүжіліп жатқандығына намыстанады.
Ана тіліміздің қазіргі жағдайы өте күрделі
мәселелердің бірі. Мемлекеттік тіліміздің тұнығын лайлап, шұбарлап сөйлеуіміз
бүгінгі қоғамдағы – дерт. Бұдан айығу үшін
тіліміздің туын жықпай, қадір - қасиетін кетірмейік!
ПІКІР АЛМАСУ
10/11/2023 15:04
Бижомарт ҚАПАЛБЕК: ӘЛІППЕНІҢ АТАСЫ АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ САЛҒАН АРНАҒА ҚАЙТА ОРАЛУЫМЫЗ КЕРЕК
|
01/04/2024 13:22
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ МЕКЕМЕЛЕР МЕН БАСТАУЫШ МЕКТЕПТЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ» атты семинар-кеңес өтті
|
12/04/2024 15:42
«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ, ОҚЫТЫЛУЫ, ЗЕРТТЕЛУІ» атты дөңгелек үстел өтті
|
ТЕКСТ