КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Жыр туралы қысқаша мәлімет:

 «Қобыланды батыр» жыры – салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарға бай көнеден келе жатқан жырлардың бірі. Оның басты идеясы ел, жерді басқыншы жаудан қорғау.

«Қобыланды батыр» эпосының шығу кезеңін зерттеушілер әртүрлі жорамалдайды. Әлихан Бөкейхан «Қобыланды Тоқтамыс, Едігелермен замандас болған» дей келіп, жыр оқиғасын ХV ғасырға жатқызса, О.Нұрмағамбетова «Қобыланды батыр» эпосы Әбілхайыр ханның ұлысы екіге бөлініп, халқымыздың тарихында шешуші рөл атқарған 1456 жылғы Қазан хандығы құрылар алдындағы ұлысаралық өзара қақтығыстарды бейнелейтін және осы кезеңде туып-қалыптасқан аса құнды эпикалық туынды» деген қорытындыға келеді.

Қобыланды асқар-асқар белдерге ұласқан Қараспан тауының етегі, Азаулы көлдерінің жағасын мекендеген дешті Қыпшақ елінен шыққан.

Қобыландының бейнесіне тоқталғанда оның батырлық рухын айтпай кету мүмкін емес. Жалпы батырлардың бейнесін сомдауда Ахмет Байтұрсынұлының: «Батырлар әңгімесінің құны қандай деген мәселеге келсек, мұнда айту тиіс: бұрынғы жаугершілік заманда халық тән есебінде болғанда, батырлар жан есебінде болған. Сондықтан батырлар турасындағы әңгіме: халықтың жаны, рухы турасындағы әңгіме: Батырлары қандай болса, халықтың рух жағы да сондай болған. Ертек жырдағы батырлар сипатына қарасақ, ол жырлар халықтың рухы нағыз көтерілген шағында шыққандығын байқаймыз. Ошақ басы, үй-ішінің қамы сияқты өмірдің ұсақ мақсат жағымен азаматтары есептеспей, ұлы мақсат, ұлы мұратпен болып, жұрт үшін, көп үшін құрбан қылмайтын нәрсесі болмағанын көреміз» деген пікірі есте болу керек деген ойдамыз.  

Батырдың киген киімінен, болмыс-бітімінен сол ғасырдың белгілері көрініп тұрғаны жөн.

 

 

Қобыланды батыр

 

           Қобыланды – Тоқтарбай мен Аналықтың «әулие қоймай қыдырып, етегін шеңгел сыдырып, жеті пірге танысып, әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып» жүріп, зарыққанда көрген перзенті. Тумысы бөлек ұл көп жырларда алты жастан атқа қонады. Оны жырда:

Алты жасқа келгенде,

Арыстан туған Қоблан

Қазынадан қамқа киеді,

Өзімнің еншім болсын деп,

Тобылғы меңді торы атты

Енші қылып мінеді.

Қобландының тілегін

Бүкіл Қыпшақ тіледі.

Қайыры көп халқына,

Енді түсіп салтына,

Таулар күйіп, тас жанған

Алты жаста баланың

Елбеңдеген зарпына.

Өзі алты жасында,

Кәмшат бөркі басында,

Тобылғы торы ат астында,

Қаршығасы қолында,

Тазысы ерткен соңында.

Жеті пірге сыйынып,

Баратұғын жолында» - деп суреттеледі.

Батырдың бейнесін кейіптеп, суретке айналдырмас бұрын «Оның бойында қандай сипаттар бар? Атқаратын міндеті не? Оның мінезі, болмысы қандай? Киген киімі мен айналысатын кәсібі қандай болған?» деген сұрақтарға жауап іздеген жөн. Осы сұрақтарға жауап алғанда ғана біз Қобыландының шын бітімін анықтай алмақпыз.

           Қобыланды жастайынан жылқы бағып, сайын далада аңшылық пен мергеншілікке үйренеді.

«Жылқыға бала барғасын,

Бауырап малын алғасын,

Тоқсан құл мен Естеміс

Риза тауып қалғасын,

Қолқанат пен құйрыққа

Енді Тоқтар кенелді» - дегендей, оның бұл ниетін Тоқтарбай да құп көреді.

           Қобыландының құралайды көзінен атқан мергендігі сыналатын тұс –оның Көктім Аймақ ханы тіккен жамбыны атып түсірген сәті. «Қазақтың ері келді» деп, айбатынан сестеніп, кезек берген батырлар оған сынай қарасады. Бұл сәт жырда:

Қолына алып толғанып,

Қозы жауырын жебені,

Ат үстінен шіреніп,

Сонда тұрып тартады.

Кәміл пірлер сенгені,

Құрулы бақан басында

Екі бөліп ұшырды

Ай астында теңгені, - деп жырланады.

Жырдағы аса ауқымды сюжеттердің бірі – Қобыланды батырдың кәсібі. Қобыланды батыр мергендіктен де, малшылықтан да хабары бар. Жырдың кейбір нұсқаларында Қобыланды батыр аң аулап, мал бағып жүрмейді. Алайда оның мергендігі Құртқаның еліне барғанда сынға түседі.

Ырғап келіп алыпты,

Тартып келіп қалыпты.

Шойыннан құйған теректі

Ортасынан жарыпты, - деген жолдардан батырдың асқан күші байқалады. Мал бағу, аңшылықпен шұғылданған Қобыланды, Құртқаны еліне алып келісімен-ақ ата кәсібіне қайта кіріседі. Бұл тұс жырдың бір нұсқасында былай өріледі.

«Әлқисса, Қобланды батыр әкесі Тоқтарбайдың жанына отауын тігіп жатып, әкесіне келіп:

- Мен кеткелі жылқыдан, біраз айлар болды. Сонан бері тоқсан құл мен малдан хабар бар ма? - деп сұрады.

- Жоқ, шырағым, құлдан да, малдан да хабар жоқ - деді. Құйған шайдан ішпей, ашытқан балдан ішіп: «Мен малдың хабарын біліп келейін», - деп жүріп кетті.

Жырда батырдың бейнесін ұлғайтып суреттеу (гипербола), оның қаһармандық тұлғасын көтермелеп көрсететін жерлер молынан ұшырасады. Дегенмен, Қобыланды жауларын білек күшімен ғана емес, ақыл-амалымен жеңетін кездер де бар. Мәселен, Құртақа сұлуды Қобландыдай батырға берейін деп жатқанын естіген Қырық бес кез Қызыл ер «Құртқаны меніменен күресіп, жықса ғана алар» деген хабар жібереді. «Артымда жау қалдырмайын» деген ниетпен Қобыланды Қызыл ерге келеді. Қызыл ер осал жау емес. Ол – Қобыландыдан жасы да, күші де басым жау. Міне, осы тұста Қобыланды амалға басады.

Төсекте жатып Қызыл ер

Қобландыны көреді.

«Аяғыммен күрес»! - деп,

Бір аяғын береді

Алпыс құлаш ала арқан,

Қызыл ердің ілулі

Босағада тұр еді.

Іліп алып аяққа,

Мініп алып торы атқа,

Дүрілдетіп жөнелді.

Қызыл ерді сүйретті,

Сүйреткі қылып үйретті.

Ішінде шеңгел тікенге

Өкпе-бауырын түйретті.

Тақымға салып сүйретіп,

Қабырғасын күйретті.

Менсінбеген дұшпанды

Ақыл тауып үйретті»

Сонымен бірге жыршылар оның осал тұстарын, аңғалдығы мен сенгіштігін жырдың кейбір жерлерінде айтып отырады. Бұл аңғалдық Қобыландыны қиындықтарға салғанымен күн санап оның батырлығын, ерлік істерін, болмысын тұлғаландыра түспесе, кеміте қоймайды. Қайта ол осы аңғалдығының салдарынан досы мен жауының ақ-қарасын айыруға көз жеткізеді.

Мәселен, Қараман Қобыландыға Қазан ханын шауып келейік, менімен жорыққа бірге жүр дегенде ол Құртқадан рұқсат сұрау керектігін айтады. Бұл сөзге шамданған Қараман;

Әр талапқа шығарда

Қатынға ақыл салған соң,

Қатынның тілін алған соң,

Неше батыр болсаң да,

Арыстаным Қобланды,

Қатын да емей, немене?!» - деп, оның намысына тиеді. Қобыландының аңғалдығы ашуға булығып Құртқаны шауып тастамақшы болған тұсында анық көрінеді. Кейін батырдың өзі:

– Қыс қыстауым қыстаппын,

Жаз жайлауым жайлаппын.

Бүйтіп жүрген Құртқамды,

Ақылым жоқ, мен ақымақ,

Шауып тастай жаздаппын – деп өкінеді.

 Ғалым О.Нұрмағамбетованың: «Қобыланды – халық өкілі, көптің жау бетке ұстаған қалқаны. Сондықтан оның мінез-құлқында, іс-әрекетінде халық ұғымына қайшы келетін еш нәрсе болмауы керек. Соған орай қауым бас батыр бейнесін сомдауда бар шеберлік арсеналын пайдаланады. Жырда қанша эпизод болса, қанша сюжет болса, соның бәрінде де Қобыландының алғырлығын, батырлық тұлғасын, қаһармандық күрестерін, табандылығы мен төзімділігін басқыншы жауға деген ыза-кегін, елін, жерін сүйген үлкен жүрегін, перзенттік іңкәр сүйіспеншілігін ашатын әр сәт қалт жіберілмейді» деген пікірін Қобыландының бейнесін беруде естен шығармауымыз керек.

Қобыланды – сұсты батыр.

«Қатуланып, қаттанып,

Буырқанып, бұрсанып,

Мұздай темір құрсанып,

Қабағынан қар жауып,

Кірпігінен мұз тоңып,

Әр жақ пенен бер жаққа,

Найзасын ұстап бармаққа,

Аттанбаққа қалмаққа» - ұмтылған батырдың бетіне ешкім қарсы келе алмайды.

Қобландының көп дұшпаны Алшағыр ханның сиқыршы шешесі кітап ашып, бал салып, елінің шетіне келген батырларды көреді. Ол:

Қастары төмен салынған,

Кеуліне алған табылған,

Іздеген дұшпан шабылған,

Қобаған мұрын, қой көзді,

Талма бетті, нұр жүзді

Біріне Қоблан ұқсайды, - деп баласына ескертеді.

Қобыланды батырдың бейнесін анықтауда оның асынған қару-жарағы мен көтерген туын да сөз ету орынды. Жырдың бірнеше жерінде батырдың семсері мен найзасының түсі суреттеледі

Жау көрінген шағында

Қобыланды тұрды қуанып,

Белге буған ақ семсер

Сары ала туды қолға алды,

Көк найзасы жалтылдап,

Әскерді көріп долданды.

Немесе:

Ақ семсер беліндегі суырып ап,

Таймады, қарсыласып жауға шапты

Осыған қарап батырдың көк найзасы (кейде шашақты найза), ақ семсері, сары ала туы болды деп нақты тұжырым жасауға болмайды. Дегенмен «көк найза», «ақ семсер», «сары ала ту» халық ұғымына жат нәрсе емес. Мысалы, Абылайханның «ала туы», Кенесары ханның «жасыл туы» болғаны тарихтан мәлім.

«Жиылған жұртпен қоштасып,

Қобландыдай батырың

Тайбурыл атқа мінеді,

Беліне семсер іледі,

Ақ сауытын киеді,

Ноғай бөркін киеді.

Дүйсенбі күн сәскеде

Қараспан тауды бөктеріп,

Кешегі кеткен Қияттың

Қобландыдай батырың

Соңынан желіп жөнелді»

Зерттеуші О.Нұрмағамбетова: «Қобыландының жауға киер киімдері, қару-жарағы да хас батырға лайықты болуымен қатар батырлық келбетін толықтырып, айқындап тұрады: «Дәуіт соққан ақ сауыт», «Жағасы алтын, жеңі жез, бадана көзді ақ сауыт», басындағы дулыға бәрі жарасымды. Ал, «толғамалы ақ сүңгі», «бұлғары садақ, бұқар жай», «алтын құндақ ақ берен», «алтынданған ақ найзасы», «жарқылдаған алмас қылыш», «болаттан соққан оққағар қалқаны» – бәрі өзіне арнап соғылған, батыр бейнесінің бөлінбес, ажырамас бөлшектері» деп анықтай түседі. Бұл жырда төмендегідей сипатталады:

«Бір жылқыдан кем шаппас

Келінжан баққан Бурыл ат!

Денеге оқты дарытпас

Дәуіт соққан жалаңқат.

Асынғаны жанына

Қынабының сабы алтын,

Ұстар жері сары алтын,

Қынаптан шықса — қылт еткен,

Тасқа салса — лып еткен,

Шүберектей қуарған,

Қайтпасын деп тау-тастан,

Заһарға салып суарған,

Балдағы алтын шар болат!

Шырағымның шыбын жан,

Жасаған, саған аманат!

Жырдың қай нұсқасында болмасын Қобыландының жауға шабар сәтіндегі болмысы ашыла түседі. Ол:

Толғамалы ақ сүңгім

Шаншылар майдан күн бүгін.

Былғары садақ, бұқар жай

Тартылар майдан күн бүгін.

Алтын құндақ ақберен

Атылар майдан күн бүгін.

Толғамалы ақ сүңгім,

Шанша алмасам, маған серт!

Қанға тойсаң, саған серт!

Бұлғары садақ, бұқар жай,

Тарта алмасам, маған серт!

Бел күшіме шыдамай,

Беліңнен сынсаң, саған серт!

Алтын құндақ ақберен,

Ата алмасам, маған серт!

От алмасаң, саған серт!

Таямай атса, оқ өтпес,

Шуақ шықса, күн өтпес,

Жаңбыр жауса, су өтпес

Жағасы алтын, жеңі жез,

Бадана көзді ақ сауыт,

Бекітіп соққан ер Дәуіт,

Қалмақтың қалың қолынан,

Шашақты найза жолынан,

Бұл әскердің өзінен,

Қылышының жүзінен

Тая жүрсем, маған серт!

Ата-анам сүйген ақ денем,

Оқ дарытсаң, саған серт!» - деп бес қаруымен серттеседі. Осы жыр тізбегінен біз батырдың сұсты, болмыс бітімі ірі, қаруы сақадай сай, тау қопарар күшті екенін бақаймыз.

Соғыс кезінде де Қобыланды батырдың іс-қимылы, мінезі айқын сипатталады.

Аңсұңқар құстай шүйіліп,

Лашын құстай түйіліп,

Жеңсіз берен киініп – деген жолдардан оның жан-дүниесіндегі өзгерістерді көреміз.

Жалпы Қобыланды батыр бейнесін сөз өткенде батырды тек айбатты, еш өзгермейтін қатулы жан етіп көрсету жеткіліксіз. Батыр бейнесі жырда ситуацияларға қарай өзгеріп отырады. Батыр да адам баласы болған соң оның бойында мейірімділік, ізгілік, досқа адал тектілік бар. Елін сағынып қамыққан кездері де жетерлік. Жары Құртқаны алған соң қыз елінде біраз ойын-күлкімен күн өткізеді. Сол кезде ата-анасын, елін сағынып кетпекші болып рұқсат сұрайды.

Ұлықсат болса анадан,

Қайтуға пұрсат алайын.

Қарақыпшақ халқымда

Білікті талай данам бар,

Сағынған ата-анам бар

Осындай эпизод жырдың әр жерінде ұшырасады. Қараманмен бірге еріп кетерде Тоқтарбай мен Аналықтың қасына жатып, ата-ананың мейіріміне бөленуі, Көбіктіні жеңгендегі қуанышы, Құртқаның еліне барудағы іңкәрлік сезімі, арман, тілегі, үлкендерден бата алуы батырдың адамға тән болмысын анық сипаттайды.

– Жылқы ішінде аламын,

Қылшаң жүнді қарамын.

Аға менен інім жоқ,

Мен байғұсқа тыным жоқ,

Жеке туған дарамын.

Тоқтарбай мен Аналық

Әулиеге ат айтып,

Қорасанға қой айтып,

Шыбын жанын және айтып,

Тілеп алған баламын.

Өкпелеме, қарағым,

Шал-кемпірдің қойнына

Жатайын деп барамын

Міне, бұл жыр жолдарынан біз батырдың тек «қабағынан қар жауған» қатал күштің иесі емес, адам баласына тән ізгі сипаттарға толы мейірімді жан екенін көреміз.

Қоблакең сонда тарықты,

Батыр сөзге толықсып,

Көп ойлады халықты.

Қарлығаш даусы шыққасын,

Қобландыдай батырың

Ақ найзаға сүйеніп,

Өксіп жылап қамықты.

Қайта айналып қаз қонар

Ұя салған жеріне.

Әркім ойнап-күледі

Өз уақытында теңімен.

Ақ найзаға сүйеніп,

Қарлығашқа көрсетпей,

Жасын сүртті жеңімен. - немесе

Сендер төртеу, мен жалғыз,

Айналайын Қарлығаш,

Көкеңді кімге тапсырдың?» - деген жолдар оның еліне, ата-анасына, бауырына деген сүйіспеншілігін де аңғартады.

«Қобыланды батыр» жырында батырдың соғысып, жауымен жекпе-жек айқасқа түсуі ерекше суреттеледі. Қобыланды мен Қазан жекпе-жекке шыққанда олардың айқасып, бірін-бірі ала алмай көп тіресуіндегі эпизодттар батырлардың күштілігінің тағы бір айқын дәлеліндей.

Ырғай сапты сүңгіні

Ырғай, ырғай салысты,

Итерісіп тұрысты,

Найза қанға майысты,

Ат тізесін бүгісті,

Бүгісе, бүгісе тұрысты.

Тебінгіге тер қатып,

Қақырғаны қан татып,

Түкіргені жын татып,

Қақырғанда қан ішті,

Түкіргенде жын ішті,

Қанжарменен қармасты

Семсерменен серместі.

Қанжар қалды қайысып,

Семсер қалды майысып.

Диқан еккен егінді,

Есен алса, тегін-ді.

Қан қабақтан төгілді,

Ерлер жаннан түңілді,

Аш күзендей бүгілді,

Екеуінің ақ сауыт

Шығыршықтан сөгілді.

Сол уақыттар болғанда,

Артық туған Қобланды

Найзасын ырғап ендірді,

Қазанды аттан төндірді,

Ат көтіне міндірді.

Қобыланды батыр жырда тек жекпе-жекте ғана көрінбейді, ол қалың жаумен жалғыз өзі айқасқа түседі. Жекпе-жек мотиві нағыз қан майданға түскен қос батырдың психологиялық күйі мен арпалысқа түскен батырлардың басында болып жатқан ситуацияларды көтермелеп сипаттайды.

Жалғыз өзі батырың

Жойып кетіп барады.

Қойға тиген қасқырдай,

Сойып кетіп барады.

Жолбарыс шапқан құландай,

Шоршып кетіп барады.

Үш мың атты бір сайға,

Төрт мың атты бір сайға,

Аламын деп қайтарда,

Қойып кетіп барады.

Қайтарында алмаққа

Тізгінінен қосақтап,

Түйіп кетіп барады.

Ақ білегі қан болып,

Тұла бойы сал болып,

Жау үстіне жол салды,

Үкімін жауға мол салды,

Көмегі жоқ соңында,

Жаны Құдай қолында.

Туырлықтай ту алып,

Туды қанға сауарып,

Қырық мың атты қызылбас

Әрі-бері қозғалды,

Қырылмағаны аз қалды.

Қызылбас қашып жосыпты,

Қашқанына қойсын ба,

Батырың алдын тосыпты!

Ықтиярсыз найзалап,

Біріне-бірін қосыпты.

Бөлек-бөлек қылады,

Есебі жоқ қырады.

Бірін шауып, біреуін

Қылышпенен ұрады.

Атуымен оқ қалды,

Тартуымен дөп қалды,

Қоблекеңнің сүңгісі

Қызыл қанға боялды.

Көбісі тұрып шәрінің,

Ұйқысын ашып, оянды.

Қашпағанды Қобланды,

Алты күн ұдай ұрысып,

Бітіруге таянды.

Үкімін жауға мол салды,

Жетінші күні сәскеде,

Жаудың бәрін тауысып,

Ақ найзаға сүйеніп,

Қобланды жалғыз бұл қалды – деген жолдарда тыңдаушының тамырын қозғап, әртүрлі эмоцияға түсіруінде осы екпін мен ырғақтың күші басым. Мұндай оқиғалар батырлардың қаншалықты үлкен күшке ие екенін көрсетеді.

       Болмыс-бітімі ерекше Қобыландының ұйқысы да қатты. Оны Көбікті батыр ұйықтап жатқан жерінен қолға түсіреді.

Қобландыны Көбікті

Ұйықтап жатқан жерінде

Тоғыз қабат тор салып,

Бекітіп әбден байлады.

«Енді үзіліп кетпес», - деп,

Қобландыны Көбікті

Оятпаққа сайланды.

«Тұр!», - деп еді Көбікті,

Қобланды батыр тұрмады,

Ұйқысын Қоблан бұзбады.

Болады деген мұндай іс

Үш ұйқтаса ойда жоқ.

... Бір уақытта оянып,

Қобланды батыр көсілді,

«Дұшпан» деген батырдың

Әлі де жоқ есінде.

Көбіктінің байлаған

Тоғыз қабат торының

Бес қабаты шешілді... - деп суреттейді.

           Қобыландының тектілігі Көбіктінің қызы Қарлығаға берген жауабынан да анық көрінеді.

«Ай, қаш, залым, қасымнан,

Қиямет салма жасымнан.

Дәулет құсты ұшты деп,

Тіліне дұшпан көнбедім.

Өшті болған әкеңнен

Өшімді алмай кетпеймін.

Кекті болған әкеңнен

Кегімді алмай кетпеймін.

Жаз жайлауым — Көздікөл,

Қыс қыстауым — Қараспан,

Ат ізінен адаспан.

Алты жаста ат міндім,

Он үш жасқа мен келдім.

Аман қалған жоқ еді

Қызылбас тиіп жанасқан.

Таңбам әліп Қыпшақпын,

Мұсылманда жоқ еді

Өзімнен артық күші асқан.

Таулар күйіп, тас жанған

Қобланды деген зарпыма,

Қорған болып отырғанмын

Туғаннан-ақ халқыма.

Асықпасаң, Қарлыға,

Бір мінерсің Бурылдың

Жайдақ сауыр артына, - деп өзіне тап береді.

           Қобыланды өз жанын азаптауға көнсе де, жақындарын дұшпанның қорлығына бермейтін батыр. Ол эпизод жырда:

Қараман менен Қарлыға

Лабақтың келіп алдына,

Қыл шылбырмен бұрау сап

Бурыл аттың санына,

Құлындай қылып шыңғыртты,

Жәбір қылып жанына.

Бурылдың даусын есітіп,

Қобландыдай батырың

Салды ойран тамына:

«Не қылсаң да, маған қыл,

Бурылға, сірә, қағылма».

Тамды бұзып Қобланды,

Далаға шықты қабына – деп өріледі.

           Қобыландының жырда қамығып, өзіне налитын тұстары да бар. Әсіресе, аты ақсап қалғанда, құрдысы Қараман оны күтпей, жалғыз қалдырып кетеді. Сонда батыр:

Ақылсыз туған мен ақымақ,

Бүйтіп жалғыз шыққанша,

Қараспан тауды жайлаған

Қалың қыпшақ жұртымнан

Онды-бесті соңыма

Қосшы ертсем, нетеді?!

Шыныменен шамдансам,

Қосын түгіл, Қияттың

Еліне күшім жетеді, - деп әлі де дұшпандыққа бармайтынын анық аңғартады.

Бүгінгі таңда еліміздің әр өңірінде қобыландының ескерткіштерінің бой көтергенін білеміз. Батырларға қойылған ескерткіштердің бір типтес болуы ойландырады. Қазақ батырларының сыртқы түр-тұлғасы бір-бірінен ерекшелене бермейді.

Қазақ батырларының бір-бірінен айырмашылықтары, олардың өз киім-киісі, дене пішімі, бет пішімі жыр нұсқаларында жан-жақты сомдалғанымен портрет түрінде қағаз бетіне түсіруде суретшілер көп мәселені ескермей жатады.

Осы әбестік туралы ғасырдың басында Ә.Бөкейхан: «Кітап бетіндегі сүгретте Қобылекең бір нашар бақалшы болып салынғын. Қазақта мақал бар: «Ат ерінді, ер мұрынды» деген. Сүгреттегі Қобыланды батыр мұрнынан айрылып пұштиып тұр.

Орыстың үш батырын салған Васнецов шебердің картинасы бар. 5 тыйынға сатылды. Осы батырлардың сүгреттеріне қарасақ, Қобыланды батырға мінгізген боз айғыр Добрина Никитиштікі, Қобыланды батыр өзі Әлеше Поповіш, күн салып қарауы Илие Муромес көрінеді» [73, 317] деп дабыл қаққан болатын.

Сондықтан Қобыланды батыр бейнесін салғанда суретшілер жырда кездесетін бейнелі тіркестерге көңіл бөлуі керек. Сондай-ақ Қобыланды бейнесін сомдауда оның генеологиялық (ата тек) жағын да ұмытуға болмайды.

Антрополог Оразақ Ысмағұловтың «...қазіргі дамыған антропология саласы жер астында миллион жыл жатқан қаңқа-сүйекке лабораториялық зерттеулер жүргізу арқылы оның жынысын, жасын, тірі кезіндегі денесінің салмағын, бой өлшемін, дене пропорцияларын, генетикалық құрылымын анықтай алады» деген тұжырымын есте сақтағанымыз дұрыс.

 

 

Құртқа

 

Құртқа – Қобыландының асыл жары, оның ақылшысы, қысылғанда медет беріп, қиыннан жол тауып шығар көмекшісі. Қыпшақ еліне сыйлы келін.

Жыршы Құртқаның ерекше жан екендігін Қобыландының:

– Асып туған, қыз Құртқа,

Әйел болдың амал жоқ.

Егер де еркек болғанда

Болар ең тұтқа бір жұртқа – деген бағасымен-ақ білдіртеді.

Құртқа – Көктім Аймақ ханының ерке қызы. Оның өз бас еркі өзінде. Сол себепті де өзіне лайық  жар таңдап, бәйге тігеді. Ақылына көркі сай Құртқа сұлу өзінің теңін іздейді. Арманы асқақ Құртқа өзін алам деген батырларға ердің ерінің ғана қолынан келетіндей қатал талап қояды. Жылдың бір нұсқасында ол алтын жамбы түрінде көрініс алса, енді бірінде «Шойыннан құйған терекке, күміс бұтақ салдырған екен, сол шойынды атып құлатқан адамға Құртқа сұлу тимекші екен» дейді.

Құртқаның сұлу жүзін жыршылар «тал бойында бір мін жоқ» деп сипаттайды.

Құртқа көріп батырды,

Шашу шашып басына,

Бұралып келді қасына.

Нұрына тойып төнгені,

Көзі көрмей өңгені,

«Іздеген теңім келді», деп,

Патшаға салып жеңгені.

Айтқан серттен қайта алмай,

Отыз күн ұдай ойын қып,

Қырық күн ұдай тойын қып,

Көктім Аймақ атасы

Қыз Құртқаны бергені – деген жолдар Құртқаның текті жерден шыққандығын танытады. Құртқа сұлудың ақылдылығы Қобыланды батыр қыз төркінінде жатып алғанда білінеді.

Ей, Қобыланды ер, Қобыланды ер,

Көңілімде айтарлық,

Батыр, сізге сөзім бар.

Қарақыпшақ елің бар,

Жетпіс күн болды келгелі,

Қайтатын елге жөнің бар деп, қайын жұртында жетпіс күн жатқан Қобыландыдай батырды ел сөзге қалдырмасын, оны да туған елі, ата-анасы сағынып жатқан болар деп уайымдайды.

        Бұл көрегендік Құртқаның бойынан жыр біткенше еш өзгермейді. Осы орайда М.Ғабдуллин мен Т.Сыдықовтың мына сөзінің негізі бар: «Құртқаның аса ақылды, білгір адам екендігі оның Қобыландыға жасаған қамқорлық істерімен суреттеледі. Бұл ретте халықтың Қобыландыға айтар ақылы да, көрсетер көмегі мен қамқорлығы да осы Құртқа арқылы берілген деуге болады. Құртқаның осындай ақылды, білгір адам екендігі Қобыландыға керекті тұлпарды, қару жарақты даярлап беруімен басталады. Мұны ол батырдың даңқын көтеру үшін емес, ел қамын ойлағандықтан жасайды»

«Құртқа сынды сұлуың

Күймеден басын шығарып,

Жылқыға көзін салады.

Ортасында жылқының

Көкала бие жусап тұр,

Құртқаның көзі шалады.

Тоқтатып қойып күймесін,

Ағытып тастап түймесін,

Шақырып алып, «сұлтан» деп,

Қобландыдай баланы,

Биені көріп, сынады:

«Мынау жатқан көп жылқы

Кімдікі?— деп сұрады.

Сонау тұрған биені

Мені берсең де алғын»,— деп,

Батырға әмір қылады» -  деген жолдар Құртқа сұлудың ерінің мүддесін өзінен биік қоятынын көрсетеді. Бойында ерекше қасиеті – жылқы малын тани білетін сыншылығы мен атбегілік өнері бар Құртқа биенің ішіндегі құлынның тұлпар болатынын дөп басып таниды. Күймеден қарғып түсіп, биені маңдайынан сүюі, айы-күні жетіп, құлындауға қиналған  көкала биені қасына адам жолатпай, жалғыз күтуі Құртқаның осы өнерін танытады.

Тұяғын жерге тигізбей,

Үстіндегі шешініп,

Құртқа сынды сұлуың

Алтын тонға орады.

Аузын үріп сыпырып,

Маңдайынан иіскеп,

Шүкір ғып Хаққа тұрады.

Аршын басты Бурылы —

Қабырғада қанаты,

Сұлтанының жан аты.

Күн түсірмей көзіне,

Жел тигізбей өзіне,

Үстіне шатыр тіккізді.

Құртқа сынды сұлуың

Айтса, сөзін өткізді.

Көп нөкерін жүгіртіп,

Не керегін жеткізді.

Үйір болып сол жерде,

Қырық күнге шейін Бурылға

Қулықтың сүтін емізді.

Және қырық күн біткенше,

Қысырдың сүтін емізді.

Сексен күні біткесін,

Тоқсан күні жеткесін,

Арымасын, талмасын деп,

Маңқа, қолқа болмасын деп,

Жеміне қосып, Қыз Құртқа,

Қызыл дәрі жегізді.

Бурылға Қыз Құртқа

Түндікпенен күн берді,

Түтікпенен су берді,

Дәрілеген жем берді – деп суреттеледі. Жырдың көп жерінде Бурыл ат Құртқаны анам деп сипаттайды. Шынымен-ақ Құртқа Бурылды баласындай мәпелеп күтеді.

«Бурылының Қыз Құртқа

Кекілін, жалын тарайды.

Күніне неше қарайды,

Салдырып оған сарайды,

Баласындай жебеді.

Күніне неше баулыды,

Атқа қылған еңбегі

Күннен - күнге көбейді» – деп беріледі. Тек бұл ғана емес, Құртқа сұлу батырға арнап қарағай найза саптатып, алмас қылыш соқтырады.

Құртқа ақылдылығымен қоса ерге лайықты сұлу. Қобыланды батыр «Тайбурылды мініп Қараманмен бірге жорыққа аттанатынын» айтып Естемісті жұмсаған сәттегі Құртқаның өңіндегі өзгерістер керемет суреттелген.

«Сонда сұлу Қыз Құртқа

Қылаң етіп, қылт етіп,

Сылаң етіп, сылт етіп,

Шекеде шоғы бұлт етіп,

Алтынды тоны жылт етіп,

Саулы інгендей ыңқылдап,

Күшігендей сыңқылдап,

Сүмбіледей жылтылдап,

Буыны түсіп былқылдап,

Алтын қалпақ дулыға

Шекесінде жарқылдап,

Мақпал төсек мамықтан,

Алтын иек, ақ тамақ,

Көтеріп басын, сөйледі

Естеміс құлға былқылдап.

Осы суреттерден біз Құртқаның киімінің сәнді, жүзінің ерекше нұрлы екенін елестетеміз. Сөйлегенде барынша байсалды, әрбір сөзін ойлап сөйлейтін кесек мінезді жан екенін сезінеміз. Бет, әлпет – адам жүзінің ғана емес, жанының да айнасы. Құртқаның сырт сұлулығына қоса ішкі жан-дүниесі де бай. Оның байлығы сабырлылығында. Әлі бабына келмеген Тайбурылды сұрай келген Естеміске айтатын сөзінде де үлкен салмақ бар:

Дұғай сәлем дегейсің

Тұлпарына жұмсаған

Жұрт иесі — сұңқарға.

Және де сәлем дегейсің

Қарамандай құрдасқа,

Заманы бірге сырласқа,

Жылы бірге жылдасқа,

Жауы бірге мұңдасқа.

Аттың күні толмай тұр,

Зор салмасын жолбарысқа.

Бөрі де қастық қылмайды

Жанындағы жолдасқа! деп, Қараманның алдынан өтеді. Қобыландыны «Халық иесі – жолбарысым», «жұрт иесі – сұңқарым», сұлтаным деп асқақтата сөйлеп, Бурылдың қырық үш күндік кемдігі бар екенін айтып, осы сапарға шықпауын сұрайды. Жолдың аса ауыр, Тайбурылдың әлі дайын еместігін ақылды Құртқа сабырлылықпен жеткізеді.

           Құртқа жарын қабағынан танитын аңғарымпаз әйел. Қараманның сөзіне ашуланып, шауап тастамақшы болып, атын дүбірлетіп келе жатқан батырды алыстан байқайды.

Жабықтан көзін салыпты.

Салса, ерді таныпты,

Түсі суық көрінді, -

Ерге болған секілді

Бір сөзбенен жазықты.

Батырдан Құртқа қорыққан соң,

Төмен қарап, жер шұқып,

Өксіп жылап қамықты.

Енді Құртқа сасады,

Бетінен қаны қашады,

Оң етегін басады.

Сасқан емей, немене,

Аш күзендей бүгілді,

Құртқа жаннан түңілді.

Шыдай алмай, қорыққаннан,

Есік пенен төріне

Неше қайта жүгірді.

Сасып жүріп жөн тауып,

Ақыл менен ой тауып,

Түтікпенен су берген,

Түндікпенен күн көрген

Төрде тұрған Бурылдың

Басын шешіп алады,

Мойнына арқан салады,

Шылбырынан жетелеп,

Бурыл атты Қыз Құртқа

Қобландының алдынан

Бұлаңдап кетіп барады, - деген жолдар Құртқаның қасиетін арттырмаса кемітпейді.

Бәйгеден келер көк дөнен,

Жеміне қосып жеді өлең,

Туғалы күнді көрмеген,

Түнектен шыққан Тайбурыл

Айдалаға шыққан соң,

Түлкідей көзі жайнайды,

Қаруы сыймай қайнайды,

Көлденең жатқан көк тасты

Сұлым ғой деп шайнайды.

Он екі құлаш кезеңнен

Атылып Бурыл ойнайды.

Қыз Құртқаны көтеріп,

Бурыл көкке екі ұшты.

Салмағымен Қыз Құртқа

Алып жерге бұл түсті.

Жазығы әйел демесең,

Құртқа қыз да тым күшті – деген жолдар Құртқаның аттың үстінде нық отырар шабандоздығын танытады.

        Жылқының тұлпар болуы үшін оған аса күтім керек екенін Құртқа жақсы біледі. Сондықтан кер қулықты бағып-қағып жүрген жеті жігітке дабыра қылмаңдар деп ескертеді. Ол жылқының тұлпар болатынын бір көргенде байқайды. «Қараманның астында қара-құла жолсыз деген ат бар екен. Табаны жерге тиіп, маңдайын күнге күйіп, арқасын ер тесіп, бауырын айыл кесіп, көзіне күн қақты болып, тер құйылып шаба алмай қалар. Елінде ат бағатұғын адам жоқ­-ақ екен. Әгарда ат баға білетін адам болғанда ол қосында онан озатын ат болмас еді. Сіз онымен бірге шаппаңыз. Бірнеше күн кейін қалсаңыз да, иншалла, озарсыз, – деп кеңес береді».

        Жырда Құртқаның сәуегейлігі танылатын тұстар да бар. Қобыландының Қараманмен бірге Көктім еліне аттанған сапарындағы оқиғалардың бәрі Құртқаның болжағанымен дөп түседі. Өйткені Құртқа адам таниды, Қараманның ашкөздігін сезеді, Қобыландының аңғалдығын біледі. Ал өзі баққан Бурылдың осал тұстары оған айдан анық.

           Құртқа тереңнен ойлайтын көреген әйел. Қобыланды ата жұртына келіп, өздерін іздер болса жесін деп әр жерге азық көміп кетіп отыруы да оның арыдан ойлайтынын білдіреді.

«Ашып күлді қараса,

Жая менен жал екен,

Түрлі тағам бар екен.

Өзін қалмақ алғанда,

Көк арбаға салғанда,

«Кез болса бұған батыр,— деп,—

Тауып, азық қылсын»,— деп,

Ақылды туған Құртқаның —

Бөтен нәрсе тастарға

Шамасы келмей сұлудың,

Көміп кеткен наны екен.

        Алшағыр еліне пенде болған кезде де Құртқа қулығын асырып, Қобыландының алдынан шығады. Сондай-ақ Құртқа адал махаббат пен достықты қадірлей біледі. Қарлығаның Қобландыға жасалған жақсылығының қарымы үшін баласы Бөкенбайдан Қарлығаны жазым етпеуін сұрайды.

Шамаң келер күн болса,

Қарлығадай сұлуға

Қан жұтқызба аузына!

Көп жақсылық іс қылған

Көкеңнің-дағы өзіне.

Көкеңе қылған Қарлығаның

Жақсылығы көп еді.

Тапсырғаным осынша:

Жазым жерде жоқ қылсаң,

Өкпелермін өзіңе —

Өлгенше көрмен жүзіңді,

Есіт менің сөзімді» - деп әбден тапсырады.

Қорыта айтқанда, Құртқа сұлуды Қобыланды батырдың бес қаруын сайлап, оның қайғысы мен қуанышына бірдей ортақтасқан асыл жар ретінде танимыз.

 

 

Қараман

 

Қият руынан шыққан Қараман батыр қайшылықты бейне. Жырдың басында ол ел үшін атқа қонған ер ретінде суреттеледі. «Сол кезде Қызылбастың елінен Қазан деген ер шығып, Ноғайлының жерін, Қырлы қала, Сырлы қала деген екі қаласын тартып алды. Қырлы қалаға бектерін, Сырлы қалаға жендеттерін жатқызып, жатып алды дейді. Қазанның бұл хабарын төменгі қырық мың үйлі Қиятта Сейілдің баласы Қараман батыр естіп, аттың жалын тартып, атадан ер болып туғасын, Ноғайлының жеріне қызылбастарды қондырып қоюымыз сүйекке таңба емес пе деп, елінен аттанып шығады». Осы қылығына қарағанда ол ерекше батыр іспеттес. Шынтуайтында келгенде ол Қобыландының арқасында мол олжаға батып, өзін ел алдында батыр етіп көрсеткісі келетін қу пенде ғана. Қобыландыны Қазан ханға өзімен бірге жүруге үгіттегендегі мақсаты да Қобыландының арқасында мол олжаға кенелу.

        – Бұл барғаннан барсақ біз,

Сол Қазанды өлтіріп,

Шаһарын бұзып алсақ біз.

Сұлуынан қызылбас

Қойынға бір салсақ біз» деген жолдардан-ақ Қараманның қандай адам екені біліне бастайды. Мақсаты айқын. Дүние қуған адамның пейілі көріне бастайды. Өз өтінішіне Қобыланды батырдың «үйдегі Құртқадан рұқсат алайын» дегеніне мысқылмен қарап, оның намысына тиеді.

Қараман алды-артын ойлап, әрбір қадамын сақтықпен басатын адам. Ел алдында батыр болып көрінгенмен, қысылтаяң шақта мақсатынан тайқып шығады. Ел мүддесін ойлап жүрген адам сияқтанғанымен көбіне Қараман қара басын ойлайтын кейіпкерлердің санатындағы жымысқы қудың нақ өзі. Қобыланды батыр «қалмақтың Сырлықаласын мен алдым, енді Қырлықаласын сендер алыңдар» деп Қараманның күшін байқамақ болады. Сонда Қараман:

– Айбалтам тастан өтпейді,

Жамандар сөзді кектейді.

Жүрмейсің бе, құрдасжан,

Сенсіз күшім жетпейді – деп өз күшіне тәуекел ете ете алмайды. Сондай-ақ ол көрсеқызар, тойымсыз адам. Қазан ханның елін шауып, байлығына қол жеткізсе де дүниеге көзі тоймай, Көбіктінің елін де тонап кетелік деп Қобыландыға ұсыныс жасаған да осы Қараман болатын. Қобландының басына түскен көп нәубет Қараманның ашкөздігінен келеді. 

       «Ай, Қобланды, құрдасжан,

Қайратыңды мен көрдім,

Бәрекелді, ер - дейді. -

Найзам тимей дұшпанға,

Арманда барам мен, - дейді. -

Осы бүгін естідім,

Жақын жерде бір шәһәр,

Көбікті хан бар дейді.

Жүрсең, соған барайық,

Жылқысын айдап алайық.

Қазаннан алған бұл малды

Баға тұрсын халайық.

Көбікті келсе малына,

Салайын жәбір жанына.

Көбіктіні өлтіріп,

Бір тояйын қанына.

Көбікті де ер дейді,

Қайратымды көр, - дейді, -

Найзам тимей дұшпанға,

Арманда барам мен», - дейді. «Жаман дос жауда қалдырар» дегендей, Қараманның қасына ерген Қобыланды Жаратушыға сыйынуды да ұмытады. Осы сәт жырда:

Қобландыдай батырың

Мақұл көріп бұл сөзін,

Асып-тасып екеуі,

Алланы алмай аузына,

«Барайық десең, жүр», - дейді:

Ер салды атқа батырлар

Алтынды тұрман тағынып.

Екі батыр жөнелген

Сыйынбай пірге, жаңылып – деп суреттеледі.

           Қараманның жекпе-жекте күш сынасардай қауқары жоқ, әлсіз адам екені Көбіктімен ұстасатын тұста көрінеді. Көбікті қуып жеткенде, Қобыланды қалың ұйқыда жатады да, Қараманның Көбіктімен бетпе бет келуіне тура келеді.

Сол уақытта Қараман

Көбіктіні шанышпаққа

Оңтайланды найзасын.

Қараман ерлік бастады,

Ерлігін Алла қоспады.

Қараманның найзасын,

Денесіне тигізбей,

Көбіктідей батырың

Қолындағы шоқпармен

Допша қағып тастады.

Ұмтылумен Көбікті

Қараманды ұстады,

Желкесінен қысады.

Күшіктейін шыңғыртып,

Қараманды Көбікті

Тақымына басады.

Қараман – қорқақ адам. Ол өз қарабасының аман-саулығын көздейді. Бұл ретте ол жауына жалынып, кешірім сұрауға дейін барады. Мәселен, Көбіктінің қолына түсіп қалып, зынданда жатқан кезінде бұлардың қасына Қарлыға келеді де, «тұтқыннан босатсам не дер едіңіз?» – дейді. Сонда Қараман:

        Менің өзім нашармын

Түтікпен ауыз ашармын,

Бұл бейнеттен құтқарсаң

Болайын сізге тасаттық –

Қарлыға, босат қолымды!

Бұл шаһардан қашармын, – дейді.

           Өзін батыр санайтын Қараман өзгеден сауға сұрауға арланбайды. Қарлығаны Қобыландыдан сауғаға алса, Қанікей мен Тінікейді Қарлығадан сағаға сұрайды. Оған Қарлыға:

Бүршігі жоқ тікенсің.

Артық асқан бағаң жоқ,

Құдайдан сұрар шамаң жоқ,

Өзіңе біткен мал-жанды

Сауғадан жиған екенсің, - деп жиіркене қарайды. 

Ақмоншақ атпен желейін,

Байытқалы келіп пе ем

Қияттың жаман кедейін?

Қараман, саған не дейін?

Өзімнің басым сауғадан

Құтыла алмай жүргенде,

Мен кімге сауға берейін?» - деген Қарлығаға:

«Мұсылманға маза аттық,

Қызылбасқа қаза аттық.

Қанікей мен Тінікей —

Екі қызды бер маған,

Қарлыға, сені алмаймын,

Басыңа бердім азаттық» - деп «мырзалық» жасайды.

       Жауды жеңіп, еліне қайтып келе жатқанда жолай Қобыландының атының аяғы ақсайды. Қараман қанша жақсылық көрсе де Қобыландыға еш көмек қолын созбайды. Оны орта жолда қалдырады. Себебі Көбікті мен Қазан ханды жеңген соң Қобыландының еш керегі жоқ боп қалады.

Расында да Қараманның қулығына құрық бойламайды. Қобыланды батыр Қараманның адал дос емес екенін сезсе де, оған көмек қолын созуды тоқтатпайды.

 «Кейбір эпизодтарда Қараманның тәуір жақтары да көрсетіледі. Қазан оқиғасынан кейін, Қараманға ерген көп қияттар даңқты өздері алмақ болып, Қобыландыны өлтіруді ойлағанда, Қараманның оларды басуы, Ел-жұртын тұтқыннан босату үшін Алшағыр ханның еліне жалғыз аттанған Қобыландының соңынан еруі, Шошай хан келіп Қобыландының елін қамағанда көмекке келуі, кейін Қарлыға мен Қобыландыны татуластыруы оның тәуір қасиеті ретінде көрінгенменен, оның әлсіз, жаман жақтарын ақтап шыға алмайды».

Сөзімізді түйіндей келе, Қараманды қара бастың қамын ғана ойлайтын ниеті қара жандардың біріне жатқызамыз.

 

 

Қарлыға

 

«Қобыланды батыр» жырында әйел заты бола тұра қолына қаруын алып жауларымен батырларша шайқасқан Қарлыға бейнесі ерекше суреттеледі. Қарлыға отбасының қам-қарекетімен жүрген әйел емес, ол – батыр. Алайда оның асыл арманы өзі секілді батырға жар болу. Жырда ол Қобыландыны өзінің теңі деп бағалайды. Қобыланды үшін өз әкесі Көбікті мен бауыры Біршымбайды өлтіреді. Қарлығаның бұл мінезі жырда былайша түсіндіріледі:

Көбіктідей батырың

Қарлығаның анасын

Мұсылманнан олжалап

Алып келген қыз еді.

Содан туып Қарлыға,

Анасының сол кезде

Өліп кеткен кезі еді.

Өлерінде анасы:

«Көзімнің ағы-қарасы —

Менен туған қыз болсаң,

Мұсылманның, шырағым,

Етегін ұста»,— деп еді.

Шын мұсылман анасы,

Әйел де болса ер еді.

Шешесінің бұл сөзі

Көңіліне келеді.

Бірнеше күн өткесін,

Қарлығадай сұлуың

Қобландыға келеді,

Батырларды көреді.

Қарлыға жай батыр емес, оған кез келгеннің шамасы келе бермейді. Көбікті хан Қобыланды мен Қараманды жылқысын айдап әкетіп бара жатқанда тоқтатып, тұтқынға алады. Батырларды Қарлығаға тапсырып, оларды зынданға тастауды бұйырады. Батыр қыз Қобыланды мен Қараманды көтеріп әкеткенде де бұйым көрмейді. Осыдан-ақ Қарлығаның күшінің қаншалықты екенін көруге болады.

        Қарлыға мінген кер еді,

Маң-маң басып келеді.

Байлауда жатқан батырды

Қарлыға сұлу көреді.

Атасы әйел демесең,

Бұл шәһәрдің бегі еді.

Жерде жатқан екеуін

Боғжамадай қолтықтап,

Қарлыға алып жөнелді.

Көк шыбын қонды қабаққа,

Іріткі берді тамаққа.

Жауып шықты Қарлыға,

Бұл екеуін апарып,

Кілт есікті лабаққа.

Қарлыға сұлу Қобыландыға көрген жерден ынтызар, ғашық болмайды. Ол өзінің сүйген адамын таңдап, болашақ батырын сынға салады. Болашақ күйеуінің батырлығын ғана емес, адамгершілік қасиеттеріне де назар аударады. Батырдың ар-намысына көңіл бөледі. Мәселен, Қобыланды мен Қараманды қашырып жіберуді ойластырып, қос батырды тексеріп көреді.

        – Әй, қос батыр, қос батыр,

Сенің өзің ермісің,

Бекер жатар сермісің.

Қолың шешіп қашырсам,

Еліңе барып мақтанып,

Қарлыға қыз қашырмай,

Өзім бір кеттім дермісің

Қарлығаның бұл сөзі - батырларды тексеріп көруі. Тұтқында жатқан Қобыланды мен Қараманның төзімділігін байқап, олардың намысына тиіп сөйлейді. Бұл сөзге Қараман қуанып, Қарлығаның аяғына жығылса, Қобыланды керісінше Көбікті ханның қызының бұлай мүсіркеуіне намыстанады. Оның босатуын қаламайды, жауынан түбі бір кек алатынын айтып, оның өзіне қарсы шығады. Қобыландының мұндай батыл сөзін Қарлыға ұнатады. Қыздың күткені де осы еді, ол іштей Қобыландыны ұнатады. Енді ол батырмен бірге қашуды ойлап, Қобыландыға шын жанашырлық танытады.

Қарлығаның Қобландыға деген сезімі жырды:

Қобландыдай батырға

Ғашық болып сұлуың,

Жата алмады үйінде.

Жылай берді енді өксіп,

Қобланды еске түскенде.

Үйінен шығып паналап,

Тар көшені сағалап,

Аяғын басып жүре алмай,

Көрінгенді саялап,

Қобландыға келді жағалап.

Қарлығаның көмегімен Қобыланды батыр талай қиындықтан аман қалады. Тұтқынан босаған Қобыланды мен Қараман босқа кетпей, тағы да Көбіктінің жылқысын айдап кетеді. Олармен бірге Қарлыға да ілеседі.

           Ақмоншақ атқа мінеді,

Ноғай бөркін киеді.

Төбе шашын түйеді.

Ақ сүңгісін қолға алып,

Оқ жыландай толғанып,

Қобыландыға қосылып,

Әкесінің жылқысын

Бірге айдасып жөнеді.

Қарлыға әкесі Көбікті мен ағасы Біршымбайдың жай адам емес, дүлей күштің иесі екенін білсе де, өз басын Қобыланды үшін құрбан етеді. Сондықтан оны махаббаттың отына күйген, махаббаты үшін барлығаны төзуге даяр әйел деп қарауымыз керек. Қарлығаның мұндай қасиетін Мұхтар Әуезов те жіті байқаған. Ғалым: «...батырды қатты сүйген екі әйелдің психологиялық жағынан шыншыл да әсерлі, асқан көркем образдары жасалған. Егер Қобыландының жұбайы Құртқа күйеуінің қамын жеп, қиядағыны болжап қарсы әрекет ететін шын достың, терең дана махаббатының бейнесі болса, ал Қарлыға нағыз құштар да іңкәр, буырқанған махаббаттың бейнесі. Сүйгеніне бола ол ештеңеден тайсалмайды, туысқандық және рулық шырғаны бұзып, туған әкесі мен ағасын, елі-жұртын құрбан етіп кетеді».

Қарлыға тек батыр ғана емес, оның айласы бір басына жетерлік. Ол әкесі Көбіктінің сауытын өзі тігіп, кіндігінің астынан оқ өтетін көз қалдырады. Өзі сүйген жігітіне кетерде әкесі рұқсат етпесе, оны сол тұстан атқызармын деген жоспармен жасайды. Қобыланды батыр жылқыны айдап бара жатқанда олардың ізінен Көбікті іле-шала қуады. Әкесіне күші жетпесін білген соң Қарлыға қыз Қобыландыға кіндігінің астындағы оқ өтетін көзден атуға кеңес береді. Оның бұл айтқанын Қобыланды бұлжытпай орындап, өздерінен күші басым Көбікті ханды жер жастандырады.

Сонымен қатар Қобыланды Көбікті еліне тұтқынға түскенде бауыры Біршымбайды Алшағыр еліне жібереді. Қарлыға Алшағырдың Құртқа сұлуды қолға түсіре алмай жүргенін білетін еді. Алшағырға Қобыланды тұтқында жатқанын айтсаң, саған екі қызын берер деп бауырын дәмелендіріп Алшағыр хан еліне жібереді. Өйткені Біршымбайға шамасы жетпейтінін біліп, одан оңай құтылудың жолын алдын-ала қарастырады. Міне, Қарлығаның осындай айла, амалының арқасында Қобыландының мерейі өсіп отырады.

Фольклортанушы А.Петросян «Қарлыға сахара көшпенділерінің еркін қыранындай. Ол батыл да жаужүрек. Жекпе-жекке келгенде ешкімге дес бермей, жылдам шабуыл жасайды» деп оның соғыстағы өнеріне тәнті болады.

Шындығында ол жекпе-жекке келгенде ешкімге есе жібермейді. Тіпті Қобыландының өзін Қараманға әйелдікке бергеніне намыстанып, оны бір соғыста жеңіл жарақаттайды.

        Өш алғанда өш жоқ деп,

Кек алғанда кек жоқ деп,

Хан Шошайдың алдында

Ескі кекті енді алдым  – деп Қобыландының қоң етіне найзаны салып алады. Қарлығаның Қобыландыға сүйіспеншілігі қандай болса, өшпенділігі де сондай. Осынша сүйген ғашығы өзін қор етіп, елеусіз қалдырғанда  батыр қыз да оған ренішін білдіруді жөн көреді. Алайда ол Қобыландыны өлтірмейді, найзамен түйреп, батырды аттан аударып кетеді. Қобыландының тастап кеткенін түсінген соң Қарлыға ешкіммен араласпай, саяқ ғұмыр кешеді.

        Жеті жыл толық толғанша,

Тауда жалғыз бұл жатты.

Жалғыздықтан тарығып,

Күдерін үзіп Қобыланнан,

Ертелі-кеш зар қақты, – деп суреттейді жыр. Жеті жыл ішінде жалғыздықтан жапа шеккен, сүйгенін сағынған Қарлыға қайткенде де Қобыланды батырға мұны түсіндіру керектігін ойлайды. Сондықтан батыр қыздың әрекеті де сөзбен емес батырларша шешілуге тиіс. Қарлығаның тұлғасын батыр етіп көрсетуі үшін жыр оның іс-әрекетін де батырға лайық етіп әспеттейді. Қарлыға Қобыланды батырға жігер беріп, оны қиналған сәттерде демеп отырады. Қобыландының күшін Қараман пайдаланып, оны далаға тастап кеткенде де осы Қарлыға қолдау көрсетеді. Оның көңіліне демеу болады.

Қарлыға тек батыр ғана емес жаннан асқан сұлу.

Ай тумас жақтан ай туды,

Күн тумас жақтан күн туды.

«Бұл несі?»— деп қараса:

Қара тамды ағартқан —

Қарлыға қыздың сәулесі – деп, оның нұрлы дидарын сипаттайды.

Оның сұлулығы, ақылдылығы бір басына жетерлік. Қарлығаның киімі де әсем тұлғасына жарасымды.

        – Алтын камзол жеңдіше,

Бидай өңлі құбаша,

Орта бойлы дембілше,

Айналайын Қарлыға, – деп жырда оның ару бейнесін асқақтата түседі.

Оның сұлу бейнесін көрген адам қызықпай қалмайды. Қараман да оның сұлулығына тәнті болып, әйел етіп алмақшы болса да, батырлығынан сескеніп, басына ерік береді. Жырда Қарлығаның сұлулығын сипаттайтын: «Қобаған мұрын, қой көзді, талма бетті нұр жүзді», «Адамнан өткен сымбатты, сөйлеген сөзі бал тәтті», «Артық туған Қарлыға», «Көрген адам таң қалар, Қарлығаның формына» деген өрнектер жиі кездеседі.

«Мәпелеп өсірген әкесін, бірге туған бауырын өлімге қиған Қарлыға айдаладағы қыпшаққа не опа берсін» деп көңілі қатайған Қобыланды Қарлыға қанша жалынса да қарамай қояды. Дегенмен, соңында жібіп, некелі жары етеді. Ол жырда:

Қарлығадай сұлуың

Сегіз жыл жатып бір тауда,

Мұратын солай өтесін.

Асықпасаң сабыр қып,

Талаптансаң ұмтылып,

Мақсұтыңа ақыр жетесің.

Қобланды, Құртқа, Қарлыға,

Көк пәуеске күймесін,

Күйменің іліп түймесін,

Қарлыға сұлу көреді

Дәуірдің тәтті жемісін.

Қарлыға, Құртқа көрсетіп

Қалың Қыпшақ еліне

Татулықтың белгісін,

Мақсатқа жеткен осылай,

Елге жайып үлгісін.

Аяғы мұның әлі бар,

Қарлығадан ұл туар,

Ұлының аты Киікбай,

Талабы таудай бикті-ай.

Киікбай атқа мінгенде,

Көп Қыпшаққа күн туар,

Қызылбасқа түн туар деп баяндалады.

 

 

Алшағыр

 

Қазақ батырлар жырында бас қаһарманның батырлық кейпін айшықтай түсу үшін оның жаулары да осал адам емес, көбіне бір елдің ханы немесе батыры болып келеді. Сондай хандардың бірі – Алшағыр.

Алшағыр қалмақтың өте озбыр ханы. Ол Қобыландыға өшігіп, батырдың өзі жоқта ата-анасымен, жарын тұтқындап, қыпшақ елінің тоз-тозын шығарып кетеді. Әкесі Тоқтарбай мен Аналықты құлдыққа салады. Қарындасы Қарлығаны күң етеді. Алшағырдың мұндай әрекетке баруының бір себебі Құртқаға деген ынтызарлығы болатын. Қобыланды барда оның елін шабуға дәрмені жетпеген Алшағыр Қобыландының Көбікті елінде тұтқында жатқанын Біршымбайдан ести сала, қыпшақ еліне жорыққа шығады. Қыпшақ жұртын Алшағырдың шауып кеткенін:

        Қалмақтың ханы Алшағыр

Бүгін үш күн болады.

Шауып кетті еліңді,

Кесіп кетті желіңді  - деп Қобыландыға түсінде пірлері естіртеді. 

Қобыландының елін шауып алған Алшағыр хан Құртқаны әйелдікке алу ниетін жүзеге асыруды ойластырады. Бірақ бұл әрекеті іске аспайды.

Жалпы батырлар жырында кім күш иесі болса, соған барлығы да тәуелді болмақ. Алшағыр да қызылбас еліне тегіннен тегін хан болып отырған жоқ. Ол Қобыландының өте мықты батыр екенін біледі. Соған қарамастан Құртқаны өзіне жар етіп алып кетеді. Отбасын құтқару қамымен келген Қобыланды Алшағыр ханға қатты қаһарланады.

        Атың шыққан Алшағыр,

Сөзіме құлақ сал, Шағыр.

Менің атым Қобыланды,

Әбден ұғып ал, Шағыр  – деп оған айбат шеге келеді.

Алшағыр да оған қарсы тұрады. «...қай кезде, қандай әдебиетте болсын, ұнамды геройдың ерлік қимылдарын, ақыл, айлаларын ерекше етіп көрсету үшін, оның тек өз айналасы ғана емес, жауласқан дұшпандарының қандай адам болуларының да мәнісі зор. Мықтының мықтылығы өзіндей, не өзінен де зор мықтымен қағысқанда ғана көзге түседі» дейді зерттеуші Қ.Жұмалиев.

Қамалының алдына келіп тұрған Қобыландыны қарсы алуға Алшағыр да дайын. Оның батыр тұлғасы жырда былай суреттеледі: 

        Оқ өтпес тонды киген соң,

Қарға сүңгі ілген соң,

Қара қасқа ат мінген,

Ат құйрығын шарт түйген,

Алшағыр шықты қаладан

Батырлар жырында көбіне жау кейіпкер оқ өтпес сауыт киіп шығады. Қобыланды сияқты батырлардың қасында жауларының дәрежесін сәл де болса төмендету үшін, жыршылар Алшағыр сияқты қарсыластарының осал тұстарын да ұмытпаған. Десек те Алшағыр оқ өтпес тон кигенімен, қарулы батыр. Ол соққан жер опырылып түседі және қара тасқа найзасын бойлата сұғатын зор күшке ие.

        Түлкідей көзін жайнатып,

Астына мінген тұлпары

Ауыздығын шайнаған.

Қолындағы найзасы

Қара тасқа тигенде

Қарыс сүйем бойлаған  – деген жолдар оның күшінің қаншалықты дәрежеде екенін байқатады. Алайда Алшағыр дүлей күштің иесі болса да Қобыланды батырға шамасы жетпей, жекпе-жекте жеңіліс табады.

Сөзді түйіндей келгенде жырдағы Алшағыр бейнесі залым, қаһарлы хандардың қатарында. Оның әділетсіз хан екені өзгенің әйеліне қызығып, біреудің мүлкіне таласуынан ақ көрінеді. Жыр Алшағырды пасық, қолына түскен адамға аяушылық білдірмейтін қатігез етіп суреттейді. Ол қара қасқа ат мініп, үстіне оқ өтпейтін тон киеді. Түлкідей көзі жайнап, қолына сүңгі алып өзгелерге күш көрсетеді. Ол өте мақтаншақ. Мақтағанға семірген Алшағыр Қобыландыны оп-оңай жеңемін деп, қамалдан жалғыз өзі шығады. Өзінің мықты екенін ел көрсін, менің ерлігіме өзгелер тамсансын деп ойлайды. Сондықтан Алшағыр бейнесі қалай айтсақ та адамдық сипаттан алыс. Жыршылар мұндай кейіпкерден барынша бойды аулақ ұстауға үйретеді.    

 

 

Көбікті

 

«Қобыланды батыр» жырында дүлей күш иесінің бірі Көбікті образы. Көбікті Алшағыр сияқты емес, өз елін қорғаушы хан. Жырда онымен ешкім жекпе-жекке шығып жеңе алмайды. Қобыланды, Қарамандар оны күшпен емес, ақыл, айламен алады. Қобыланды батыр Қазан ханын алған соң жолай Көбіктінің де қалың жылқысын айдап кетуді жөн көреді. Жылқыны барымталауға дүниеге көзі тоймаған Қараман әсер етіп, ол Қобыландыны үгіттейді. Алайда бұл қалың жылқының өз иесі бар екен. 

           «Ел иесіз дедің бе?

Жер иесіз дедің бе?

Мал иесіз дедің бе?

Жан иесіз дедің бе?

Отарда жатқан жылқымның

Отарын бұзған кім едің?

Өрісте жатқан жылқымның

Өрісін бұзған кім едің?

Тыныш жатқан жылқыма

Оқ тастаған кім едің?

Көкорайлы шалғынға

От тастаған кім едің?

Жусап жатқан жылқымның

Жусауын бұзған кім едің»  – деп олардың артынан ашуға булыққан Көбікті хан қуып келеді.

Көбікті өте қаһарлы батыр. Жырда онымен ешкім жекпе-жекке шығып, жеңе алмайды. Оның күші жырдағы барлық батырлардан да үстем. Көбікті Алшағыр хан сияқты бір елге өзі барып тиіспейді. Ол өз елінің қорғаушы батыр әрі ханы. Алайда оның жас кезінде көптеген елді басып, жаныштағаны Қарлығаның анасының сөзінен білінеді.

Көбіктіні Қобыланды батыр жекпе-жекте жеңе алмайтынын білген Қарлыға қыз оны жеңудің жолдарын көрсетеді. «Әкем Көбіктіге атсаң мылтық батпайды. Шаншысаң найза, шапсаң қылыш өтпейді. Өйткені үстіндегі ақ сауытын өзім қолдан жасап едім. Көзін тар қылып едім. Бірақ кіндігінің тұсындағы төрт көзін кем соғып шығарып едім. Өзім бір жақсы адамды сүйіп барам десем, әкем бермесе, сол жерден байлап аттырармын деген жерім еді. «Балам, мына жердің шығыршығы қайда?» дегенде «жетпей қалды» деп едім. Сол жерінен кіндігі бұлтыйып шығып тұратын еді. Сонан байлап атсаң қаза бар, болмаса бөтен жерден қаза жоқ» дейді Қарлыға.

Міне, осы айтқанды орындаған Қобыланды батыр Көбікті ханды жер жастандырады. Садақпен кіндігі бұлтыйып тұрған жерінен көздеп атады.

Көбіктінің бөксесі кеудесінен бөлінгенімен екі қолы ербеңдеген батыр артында қалған шоқпарға ұмтылады. Осы үзіндінің өзінен Көбіктінің жаны сірі ер екені айқын аңғарылады.

Көбікті Қарлығаның анасын күшпен тартып әкелгенімен, Қарлығаны еркелетіп өсіреді. Кейінірек осы жайтты Қобыланды:

Ақ торғынға бөледі.

«Шырағым қандай болад?» - деп,

Өлгенше өмірің тіледі.

Өзіңнің әкең Көбікті

Ақылын айтып өлтірдің,

Әкеңнен жақын кім еді? – деп Қарлығаның бетіне басады.

           Қызының өзіне қастандық жасағанын Көбікті соңында бір-ақ түсінеді. Ол сәт жырда:

Шылбырын қолға алады.

Оқпен түскен кеудесі,

Қару қылар шама жоқ,

Жан-жағына қарады.

Қобланды келіп қасына,

Заманақыр тақалды.

«Қыз жау деген осы», - деп,

Айтып отыр мақалды.

Екі қолдап Көбікті

Жұлып отыр сақалды, - деп аянышты халде сипатталады.

Көбікті хан көк бесті атқа мініп жүреді. Көк бесті ат Тайбурыл сияқты иесінен басқа жанды үстіне мінгізбейді. Қалың жылқыны айдап бара жатқанда Көк бесті ат қашып шығып, иесі Көбікті ханға барады. 

           Көк бесті атқа ер салып,

Тас шоқпарды қолға алып,

Теңселе басып ырғалып,

Енді атына мінеді – деп Көбіктің қолына тас шоқпар алып, Көк бесті атына мінген тұсы суреттеледі.

Қорыта айтқанда Көбіктінің жырдағы тау тұлғасы төмендегідей:

1. Көбікті зор күш иесі, жекпе-жекке келгенде ешқандай батырға алдыртпайды.

2. Көбікті хан Көк бесті атқа мініп, қолына тас шоқпар алып жүреді және оның сауытының кіндік тұсындағы шығыршық көзінің тесігі бар. Сол төрт көз шығыршық тесігінен кіндігі бұлтиып шығып тұрады. Қобыланды батыр садақпен төрт көз тесіктен дәл көздеп оны өлтіреді.

 

Біршымбай

 

Біршымбай – Көбіктінің ұлы, Қарлығаның бірге туған бауыры, жырдағы қас батырлардың бірі.

Күмбезді найза қолында,

Ағын судың сағасы,

Берен тонның жағасы,

Қызылбастың ағасы,

Көбікті ханның баласы —

Құндыз бөрік басында,

Әскері бар қасында,

Өзі он бес жасында,

Сүйіншіге қыз алып,

Күйеу боп жатқан осында —

Үстіне дұшпан келгесін,

Байлауда қалған Қоблан

Босағанын білгесін,

Ұрыспасқа айла таба алмай,

Үстіне сауыт киеді.

Болатты байлап жанына,

Қарына найза іледі – деп суреттеледі. Жекпе-жекте Біршымбайды жеңетін адам жоқ. Ол туралы Қарылға сұлу менен әкемнің күші бір батпандай артық, ал әкемнен мұның күші сегіз батпан артық деп ескертеді.

           «Ой, апеке, білмедім,

Жау ішінде жүргенің,

Кім екенің көрмедім.

Толықсыған найзамды

Оңды-солды сермедім.

Кетті көзім қарайып,

Кім екенің білмедім.

Бері жүргін, жан апа,

Тауға апарып қояйын,

Қайтып келіп, үш ерге

Найзамды кезек ұрайын» - деген сөзінен бауырына риясыз сенетіні байқалады. Қобыландының жолында бәрін құрбан еткен Қарылға бауырын қапияда өлтіреді.

 

 

Тайбурыл

 

«Қазақта ер қанаты – ат» деген мақал бар. Ат – ердің пырағы, қысылғанда қиындықтан алып шығар қамқоршы досы. «Қобыланды батыр» жырындағы Тайбурыл – Қобыландының ең сенімді серігінің бірі.

Тайбурылды Құртқа сұлу әбден тұлпар болғанша кісі көзіне көрсетпей қараңғыда баптайды. Құртқа Тайбурылды кер биенің ішінде жатқанында танып, тұлпар болар ат екенін сезеді.

Тайбурылдың бейнесі Құртқаның ең алғаш рет далаға алып шыққан сәтінде суреттеледі.  

           Бурыл емес көк дөнен,

Туғалы түзді көрмеген,

Түнектен шыққан Тайбурыл,

Айдалаға шыққан соң

Түлкідей көзі жайнайды,

Қаруы сыймай қайнайды.

Он екі құлаш кезеңнен

Бурыл атып ойнайды.

Алдында жатқан көк тасты

Сулығым деп шайнайды.

Бурыл көкке екі ұшты,

Салмағымен қыз Құртқа

Алып жерге бұл түсті – деп, Тайбурылдың ойнақтап шыққан бейнесін көз алдымызға әкеледі.

Тайбурыл өзге жылқы малына ұқсамайды. Ол – өте жүйрік жануар.  

Қобланды мінген Тайбурыл

Шиыршық атып ойнайды,

Атандай төсті салынып.

«Айт, жануар, шүу!» — деді,

Құбылып бурыл гуледі.

Табаны жерге тимеді,

Құлақтың түбі терледі,

Тер шыққан сайын өрледі.

Көлденең жатқан аңғарды

Жерошақ құрлы көрмеді – деп жырлағандай, шапқан сайын қарыштай түседі. Қобландының қамшысы тигенде жоғарғы ерні жыбырлап, төменгі ерні қыбырлап, тіл бітеді.

Төрт аяғым тең жорға,

Тізгінім тартпай, сал жолға.

Үстімде сен есенде,

Астыңда өзім аманда,

Қажу бар ма мен сорға?!

Қырық күншілік Қазанға

Бір-ақ күнде жет дейсің,

Ұшқан құсқа оңай ма?!

Қиын да болса, Қобланды ер,

Қиналармын, қайтейін,

Уағдаңыз солай ма?

Намаздігер өткенше,

Намазшамға жеткенше,

Қазанның Сырлы қаласын

Көрсетпесем көзіңе,

Түсірмесем жүзіңе,

Жан серігің Бурылды

Сол жерде шал Құдайға!» - деп серттеседі.

Адырды көзі көрмеді.

Көлденең жатқан көк тасты

Тіктеп тиген тұяғы

Саз балшықтай иледі.

Қараша емес, қауыс-ты,

Қоңыраулатып дауысты,

Жақын қылды алысты.

Берсін кімге намысты,

Күн төбеден аумай-ақ,

Түзеді Бурыл шабысты.

Қос құлағы тігілді

Қайырға біткен қамыстай.

Түс ауған соң бүгілді

Илеуі жеткен қайыстай.

Байлаулы малдай шешілді,

Төрт аяғын көсілді,

Әрбір сымдай есілді – деген жолдар Бурылдың бар қасиетін паш еткендей.

Тайбурылдың сөйлейтін қасиеті батырдың басыны іс түскенде көрінеді. Әсіресе, Құртқаның аты аталғанда Бурыл намысқа бағады. Жырдың бірнеше жерінде Бурыл Құртқаны анам дейді.

– Артта қалды еліңіз,

Болды ма мұнда кегіңіз?

«Шешем – Құртқа» деген соң,

Сатылмайтын теріміз.

Қысылғанда дем берсін,

Жылқышы Қамбар піріміз.

Ойға алғаның қоймайсың,

Қайсар Қобылан серіміз.

Қарғысам, қарғып қарайын,

Қарғи алмасам, қалайын.

Тәңірі ісіне амал жоқ –

Тәуекел етіп көріңіз! – деп адамша тіл қатады.

Тайбурыл биік қамалдан да қарғып өтіп, батырға берген сертінде тұрады. Бұл жырда:

        Бурылға Қобылан «шу» дейді,

Шу дегенде гулейді,

Табаны жерге тимейді,

Тау менен тасты өрледі.

Әбден қызып алған соң,

Қамшыны баса салған соң,

Алғы аяғын бүгеді,

Артқы аяғын тігеді.

Құлағын істей қадады,

Құйрығын шаштай тарады.

Шекесінен қарады,

Бауырынан жарады

Қояндай ағып жөнелді,

Ортасына шаһардың

Бурыл барып томп етті.

Төрт аяғы тиген жер

Тесіле жаздап солқ етті, - деп суреттеледі.

           Әдебиеттанушы Рахманқұл Бердібай қаһармандық эпоста тұлпардың: «Ұшқан құстан озатын ересен жүйріктігі; Алыс жолға алқынбай жететін қайратты, төзімділігі; Батырдың мінезі мен тілегін сезіп отыратын, дұшпанның арам пиғылын танитын естілігі; Қысылтаяң тұстарда «тіл бітіп» сөйлеп, батырға ақыл-кеңес беретіндігі; Сын сағаттарда түсін өзгерте алатын сиқырлы өнері болатыны; Жау келе жатқанын күн ілгері сезіп, иесіне қауіпті білдіретіндігі; Батыр мерт болса, денесін далада қалдырмай, еліне алып келетін опалылығы» сияқты басты белгілерін болатынын айтады. Міне, осы белгілер Тайбурылдың да бойынан табылады.

Мәселен, Қобыланды Жантөбе деген төбенің басына шығып қалың ұйқыға кеткенде Тайбурыл тасты аяғымен теуіп батырды оятады:

           Байлауда тұрған Тайбурыл

Шығыршық атып ойнады,

Ойынға енді тоймады.

Ұйықтап жатқан батырға

Барайын деп ойлады.

Қасына жақын барады,

Ұйықтап жатқан батырды

Маңдайға келіп салады.

Тұяғының даусымен

Тау жаңғырып қалады.

Сонда батыр оянып,

Жан-жаққа көзін салады

           Көбіктінің өлтіріп, елді бетке алған кезде Тайбурыл ақсап, аяғын баса алмай қалады. Қараман бастаған қияттар Қобыландыға қараспақ түгілі, батырдың олжасын айдап әкетеді. Күйінген батыр ерін құшақтап, жатып қалады. Сол уақытта түсінде пірлері аян беріп, Қобыландының елін Алшағыр ханның шапқанынан хабардар етеді.  

       Байлауға Құртқа түскесін,

Мұны біліп Бурыл ат,

Күйініп ақсап жүр екен.

Пірден хабар тиген соң,

Ақсағынан жазылып,

Құландай ойнап қалыпты – деген жолдар Тайбурылдың сезімтал ат екендігін аңғартады. Тайбурыл аттың ақылдылығы осындай қасиеттерінен көрініп отырады. Батыр баратын жеріне қанша кешігіп қалса да Тайбурыл оны дереу жеткізуге уәде береді.

           Арындап аузын ашады,

Аяғын топтап басады.

Бір төбенің тозаңын

Бір төбеге қосады.

Кешке таман Тайбурыл

Жын қаққанға ұқсады.

Құлан менен бұланды,

Киік пенен қоянды

Ұзатпай алдын тосады.

Көл жағалап отырған

Көкқұтан мен қарабай

Көтеріліп ұшқанша

Белінен кесе басады, - деп жырлағандай, Тайбурылдың жүйріктігіне ұшқан құстың өзі ілесе алмайды.

             

 

 

Аналық

 

Аналық – Қобыландының анасы, Тоқтарбайдың бәйбішесі. Жырда ол Қобыландыны «Қабырғасы майысып, елуге жасы келгенде, «Көзімді ашпай дүниеден өтемін бе?» дегенде көтереді.

Халық ішінде  «батыр – тумысы бөлек жан»  деген ұғым бар. Жалпы, ғажайып туылу, өмірге келмей тұрып-ақ тылсым белгі беру жиі кездесетін фольклорлық сарын. Қобыланды дүниеге келмей тұрып Аналық бәйбіше оның сұлбасын түсінде көреді. Ол жырда:

«Мен де айтайын түсімді,

Түсімде көрген ісімді.

Ақбоз орда ішінде

Келбеті келген пішінді,

Жауырыны қақпақтай,

Қос шекесі тоқпақтай,

Алғыр бүркіт қабақты – деп беріледі.

Аналық жүкті кезінде іштегі сәбиінің салмағына әрең шыдайды.

Кіндік кескен әйелдің

Осы туған жас бала

Ұйытып қолын талдырды  - деген жолдар жас нәрестенің ерен күшін танытып қана қоймай, анасы Аналықтың да басқа әйелдерден мықтылығын көрсетеді. Алып – анадан екенін дәлелдейді.

Қобыланды батыр дүниеге келерде де анасы Аналық айдаһардың етіне, бір нұсқаларда арыстанның жүрегіне жерік болады.

Айдаһардың басын алдырды,

Аузына өтін салдырды,

Жерігін сөйтіп қандырды, - деп суреттегендей арыстандай айбатты, жолбарыстай жүректі, тастай берік батыр туатын ананың жерігі де ерекше болады.

 

Тоқтарбай

 

Тоқтарбай – байлығында есеп жоқ, төрт түлік малдың бәрі сай түскен, дәулеті халықтан асқан Қыпшақтың байы.

Жаз жайлауы Көздікөл,

Көздікөлді жайлаған

Қалың Қыпшақ жағалай.

Тоқтарбайдың дәулеті —

Ішкені мас, жеген тоқ,

Бай-кедейдің көңілі жай.

Қыс қыстауы Қараспан,

Қараспан көкке таласқан

Мал-мүлкінің мұрагері жоқ адам қоғамдық-әлеуметтік тұғырды иелену құқығынан айрылған заманда өмір сүрген Тоқтарбай бір перзентке зар болады. Тоқтарбайдың зарын:

«Сексенге жас келгенше

Бір бала көрмей Тоқтарбай,

Қайғыменен қан жұтып,

Ақылынан адасқан» – деп суреттейді. 

           Тоқтарбай елге сыйлы адам екені жырда ішінара болса да көрініп қалады. Сәлімбай байдың көп жылқысының ішінен Көк ала биені көріп, Құртқа Қобыландыға «иесі не сұраса да осы биені ал» деп табыстайды. Сонда Сәлімбай бай:

«Бұл жібердім қалаға,

Бұзау, баспақ, танаға,

Арнап едім балаға.

Бір тайдың несін сұрайды,

Әкете бермей далада?!

Бір тай түгіл, Қобланнан

Жалғыз жаным садаға!

Қалағанымды алдым деп,

Мақтанып барсын алдына -

Тоқтар сынды ағаға» - деп риясыз көңілін білдіреді.

           Жырда Тоқтарбайдың мінез-құлқы айтарлықтай ашылмайды. Ол Қобыландының ардақты әкесі, қалың Қыпшақтың беделді байы ретінде аталғанымен, ерекше сомдалмайды. Ал Қобыландының Көбіктінің елінде тұтқын болып жатқананын білген Алшағыр елін шауып әкеткенде

«Тоқтарбайдай шалыңыз

Көзі-басы іріңдеп,

Буындары дірілдеп,

Жүре алмады, болып қор» деп жырлағандай, бейшара халге түседі.

 

Естеміс

 

           Естеміс – Тоқсанбайдың адал қызметшісі. Ол ат құлағында ойнаған шабандоз, аңшылық пен мергеншіліктің қыр-сырын меңгерген еңбек адамы. Жырда:

«Тоқтарбайдың жылқыда

Тоқсан құлы бар еді,

Тоқсанының бастығы

Естеміс деген ер еді» – делінеді.

           Естеміс Қобыландының тұлғалық қалыптасуына өз өрнегін салған бейнелердің бірі. Ол Қобыландыға аң аулаудың өзі білетін амал-айлаларын үйретіп, жылқы бағудың тәсілдерін көрсетеді. 

Қобландыны барғасын

Естеміс ерің баулиды.

Күнде киік аулайды,

Кездессе, жауын жаулайды.

Жылқыда жатып Қобланды

Екпіні оттай қаулайды.

Қаршығасы қолында,

Құмай тазы соңында,

Көрсе киік, заулайды, - деп жырлағандай, Естеміс баланы аңшылық өнерге баулиды.

           Құртқа туралы да Қобыланды осы Естемістен естиді. 

«Қой, шырағым, жассың ғой,

Қабырғаң сенің қатқан жоқ,

Омыртқаң өсіп жеткен жоқ.

Жіберуге қорқамын,

Тілімді алсаң, рұқсат жоқ, - деген жолдардан Естемістің құлақкесті құл емес, өзіндік орны бар ерлердің бірі болғанын байқатады. Алайда, «Батаңды бер, көке» деп, алдын-артын ораған баланың көңілін қимай,

Естемістей еріңнің

Таусылғасын амалы,

Батасын беріп қол жайып,

Үстіне сауыт кигізді,

Жанына байлап болатты,

Беліне садақ ілгізді.

«Тапсырдым, - деп, - Жалғызға!»,

Амандасып жүргізді.

           Көріп отырғанымыздай, Естеміз өз бетінше шешім қабылдай алатын азат жан. Алайда, жырдың қалған бөліктерінде Естемістің аты аталмайды, тек жырдың соңында ғана Қобыландының ұлы Бөкенбайды баулығаны айтылады. Демек, Естеміс қолына қару ұстаған батыр емес, бұғанасы бекімеген балаң батырларды баулушы ұстаз.  

 

 

Бөкенбай

 

              Бөкенбай – Қобыландының Құртқадан туған ұлы. Бөкенбай да Қобыланды сияқты ерекше мықты болып өмірге келеді. Оны Құртқа сұлу қиналып босанады. Нәрестені жиналған қырық бір қатын әрең көтеріп, құндаққа орайды.

«Талпынғанда жас бала,

Құндағы дал-дал болады.

Арыстан туған екен деп,

Асыра жұрты қуанды»

           Бөкенбай да әкесіне тартып, ел қорғау ісіне ерте араласады. Жырда Бөкенбайдың өсу барысы жақсы беріледі.

«Келді Бөкен бір жасқа,

Бір жасына келгенде,

Оғын тартты жартасқа.

Келді Бөкен екіге,

Жан қарамас бетіне.       

Екіге келген баланың

Нан піскендей лебіне.

Келді Бөкен үшіне,

Үшке келген жас бала

Қара тасты көтерер,

Естіген риза күшіне.

Келді Бөкен төртіне,

Төртке бала келгенде,

Ат шапсам деп ойлайды

Қызылбастың кентіне.

Келді бала бесіне,

Беске келген баланың

Күндіз-түні қайғысы -

Жау түседі есіне.

Келді Бөкен алтыға,

Алтыға жеткен баланың

Артық тиді пайдасы

Қыпшақтың бүкіл халқына.

Алты жасар Бөкенбай

Атаның түсіп салтына, -

Таулар күйіп, тас жанған

Бөкенбайдай береннің

Екпіндеген зарпына.

Қарамай алды-артына,

Енді мініп атына,

Қазынадан қамқа киеді.

«Өзімнің еншім болсын», - деп,

Өкім құла атқа мінеді,

Алладан пәрмен тіледі.

Таулы жерден сырғытып,

Ойпаң жерден қарғытып,

Аяңдамай желеді.

Өзі алты жасында,

Сусар бөркі басында,

Өкім құла ат астында,

Жолдасы жоқ қасында,

Бөлінбеген ұйқыға,

Жыртылмаған құлпыға,

Көңілі кетті көрмекке

Отарда жатқан тау жайлап

Естеміс жатқан жылқыға.

           Байқап қараған адам Бөкенбайдың Қобландының ісін қайталай өсіп келе жатқанын бірден аңғарады. Бұл «ат тұяғын тай басар» дегенді білдіреді. Енді Тоқсан құл мен Естеміс Бөкенбайды баулуға көшеді. Бір кездегі Тоқтарбай секілді Қобыланды да қолқанат пен құйрыққа кенеледі.

           Қобыландыны Қарлыға сұлу найзамен сүйреп аттан құлатқанда да қасынан баласы табылады.

Жау екенін білгесін,

Өзі алты жасында,

Сусар бөркі басында,

Өкім құла ат астында,

Естеміс ер бар қасында,

Қабағы тастай түйіліп,

Ақ сұңқар құстай шүйіліп,

Ойыны күшті арыстан —

Алты жасар Бөкенбай

О да келді жылқыдан.

Бөкенбайдың соңынан

Тоқпақ жалды торы атпен

Қайың құрық қарында,

Бар қаруы бойында,

Естеміс келді соңынан.

              Бұрын жалғыздықтың зарын тартып, жауымен жалғыз алысқан Қобыланды енді жалғыз емес. Оның маңына Бөкенбай бастаған батырлар жиылады. Бөкенбайдың Шошай ханмен алысар тұсы тіпті керемет.

       «Тоқта, Шошай, тоқта,— деп,—

Тоқта!»— деп бала ұмтылды.

«Қашпа, Шошай, қашпа,— деп,—

«Қашпа!»— деп бала ұмтылды.

Арқада құлан топтады,

Мерген мылтық оқтады.

«Қайтер бала дейсің»,— деп,

Қосынды Шошай тоқтатты.

Бала екенін білгесін,

Көріп Шошай қорықпады.

Жайықтың бойы қамыс-ты,

«Бермеймін,— деп,— намысты»,

Бала да болса таймады,

Саз балшықтай жабысты.

Емен сапты сүңгімен

Еңкейістеп шегініп,

Еменнен найза салысты.

Қарсыласып шабысты,

Бірін-бірі қағысты.

Бөкенбай мінген құла ат-ты,

Құла атпен шауып бұлатты,

Бөкенбайдай батырға

Тәңірім беріп қуатты.

Ертемен жаумен алысып,

Қайратын жұртқа сынатты.

Кіші бесін болғанда,

Қызылбастың Шошайын

Бөкенбай аттан құлатты.

           Шошайды сұлатқанымен қоймай Бөкенбай Қарлыға сұлуды Ақмоншақ атына байлап отырғызып, Қобыланды батырдың алдына алып келеді.

Анасы Құртқа сұлуға берген уәдесінде тұрып, Бөкенбай Қарылғашпен найзаласқысы келмейді. Алайда Қарлыға жас баланың соғыспасына қоймайды. Жырда:

«Есіктің алды кендір-ді,

Етіне найза ендірді.

Аямасын білгесін,

Етіне найза енгесін,

Толғамалы ақ сүңгі

Толғап алып Бөкенбай,

Қақ жүректен Қарлығаға

Бөкен де найза төндірді,

Жанған отын сөндірді.

Сауыттың көзі тарқалып,

Алысқанда екеуі

Жүрген жерін ор қылды.

Сол уақыттар болғанда,

Қарлығадай сұлуды

Ақмоншақ аттың саурынан

Дөңгелентіп төндіріп,

Ат көтіне міндіріп,

Найзаны ырғап ендіріп,

Жығылар мезгіл болғанда,

Қарлыға сұлу сөйледі, - деп ерекше баяндалады.

           Бөкенбайдың бейнесін сомдауда суретші Қобыланды екеуінің арасындағы ұқсастыққа баса мән беруі керек деп ойлаймыз. 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз




29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 442 0







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 873 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 1075 0




ТЕКСТ

Яндекс.Метрика