КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жыр туралы қысқаша мәлімет:

 «Ер тарғын» жырын ең алғаш Марабай ақыннан жазып алған Н.Ильминский 1862 жылы Қазан қаласында жырды бастырып шығарады. Мазмұны мен көлемі жағынан Н.Ильминский бастырған нұсқасы ерекше болып саналады. Қазірге дейінгі басылып келген жырдың негізгі сүйенері осы басылым.

Жырдың тарихи оқиғалардың елесі екендігі туралы жазған ғалымда оны XVI ғасырдың соңғы кезіндегі оқиғадан туған жыр деп болжайды.

Ер Тарғынның тарихта болғаны жайлы Ә.Марғұлан тың деректер ұсынған. «Тарғынның әкесі Естерек екені Мұрат ақынның «Үш қиян», «Шәлгес» деген жырларында да айтылады.

 

 

Ер Тарғын

 

Ер Тарғын – ел басына күн туған сәтте жарқ етіп шыққан күрделі бейне. «Қамбар батыр» жырында батырдың ерекше сипаты – аңшылығы болса, Ер Тарғынның ерекше сипаты жау келгенде танылады. Ер Тарғын Алпамыс пен Қобыландыдай ғажайып жолмен өмірге келмейді. Ол ғашығын іздеп сапарға шығпайды. Ол өз елінде істі болып, Қырымның ханы Ақшахан еліне қашып келеді. Ақшахан он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт елін көптен бері басып ала алмай жүрген болатын. Олалай, Бұлалай деген ноғайда қанша батыр болса да, бұл елді әлі ешкім өзіне қарата алмаған. Бір күндері Ақшахан сол елге батырларын жинап, соғыс ашады. Осы ұрысқа Тарғын да белгісіз батырдың бірі болып қатысады. Оны ешкім батыр деп, көзге ілмейді. Торғауытты ала алмай Ақшахан әскерлеріне қайтуға бұйрық бергенде, Тарғын қайтпайды. Жалғыз өзі қамалды бұзуға бекиді. Тарғынның қамалды алып, ішке енгенін көрген Ақшахан әскері оның соңынан ілеседі. Жауын жеңіп, мол олжаға кенелген Ақшахан еліне келген соң Тарғында тауып әкелуді бұйырады. «Хан онымен көрісіп, жөнін сұрап: – Сен кімсің? – дейді. Тарғын айтты: – Мен қазақпын, – деді. Хан айтты: – Сен қазақ болсаң, біздің жұртымызға неге келдің, не жұмысқа келдің? – деп. Онда Тарғын айтты: – Мен ханымыздың бір жақсы бегін шаһид еттім, онан соң жұртым тынышсызданды, сол себептен сіздің қоластыңызға қашып келдім, – деді. Сонда хан айтты: – Сен кешегі жауды бұзған қайратыңды сені тынышсыздаған жұртыңа көрсетпедің бе? – дегенде, Тарғын айтады: – Нақақтан өз жұртымды жылатуға шариғат қоспайды, – деді». Міне, осы үзіндіден-ақ Тарғынның адами болмысы ашыла түседі.

           «Жалғыздың жары – Құда» деп,

Сары ала туы салбырап,

Шапты батыр тебініп,

Жалмауыздай емініп.

Сырттағы жүрген әскерге

Қарамайды бұл батыр,

Ішкі қамалға кірді желігіп, - деген жолдар Тарғынның портретін берудегі маңызды детальдің бірі болады деген ойдамыз.

Ер Тарғынның ержүректілігі ол жауға жеке шығуынан аңғарылады. Айналасындағылардың барлығы кері шегінгенде өз күшіне сенген Ер Тарғын Торғауыт елінің қамалын бұзуға бекиді.

Өзінің елінен қуылып келген Ер Тарғын ата жауы қалмақ екенін естен шығармайды.

  Мен кетемін, кетемін,

Кеткенменен айдалаға кетпеймін,

Айналып Еділді өтемін!

Қадір білмес сен итке

Қарашы болып нетемін?! деген жолдар қанша қуғында жүрсе де өжет, бірбеткейлігін жоғалтпағанын көрсетеді.

«Батыл – аңғал, ер – көдек» дегендей батырдың ерлігін Ақша хан да, он сан ноғайлы елінің Ханзада деген ханы да пайдаланады. Белінен жүре алмай қалғанына қарамастан оны айдалаға тастап кетіп, батырға жалғыздығын сездіреді, қорлық көрсетеді.

Тарғынның ерекше бір қасиеттілігі намысқойлығы. Артынан қуып келе жатқан Қартқожақты көргенде қашуға ұмтылмайды. Хас батырша оның жолын күтіп тұрады.

Енді жүрсем, қашты дер,

Әруағым менің басты дер,

Менен қорқып састы дер.

Ажалым болса бұ жерден,

Жемей қоймас жебір жер,

Кіргізбей қоймас қазған көр...

Ер Тарғын ақылсыз күштің иесі емес, сөзге тоқтай білетін, адамның қадір, қасиетін білетін батыр. Қабағынан қар жауып келген Қартқожақтың не жұмыспен келе жатқанын білу үшін оған алдымен сәлем беріп, сөзін тыңдайды. Ол Ақжүністі алып қашқанда артынан қуып келген Қартқожаққа алдымен кезекті береді. Үлкен деп сыйлайды. Қалмақ батыры Домбауылмен кездескенде де кезегін алдымен оған береді. Көбіне батырлар жырында кезекті батырдың жауы алады. Кезек беру арқылы батырдың қадірі арта түседі.

        Қашатұғын қатын ба,

Сасатұғын сарсаң ба?

Кезегім бер деген соң,

Қасқайып қарап тұрады.

Домбауылдың тартқан жебесі тоғыз қабат торғауыт сауыттың сегізінен өтеді де, соңғысын тесіп өте алмайды. Батырдың бес қаруы түгел. Тарғын жауларына «алты қырлы ақ мылтықты», «алтыннан ойған алпыс кез оғын», «алты аршын ақ болат қылышты», «төрт қырлаған көк сүңгіні» пайдаланады. Ол осы қаруымен алты мың қолды жайратып салады. Осыдан-ақ батырдың ерен күш иесі екенін көреміз. Жаулары Ер Тарғыннан сескенеді. Оның ерлігін білген қалмақтар батырдың еліне енді қайтіп ұрыс салмайды. Он сан ноғайлының ханы Ханзада қалмақтан қалай құтылудың жолын сұрағанда «бұл жерде Ер Тарғын бар екенін жеткіз, сонда қалмақ жуымайды» деп кеңес береді. Бұған қарап атағынан ат үркетін батырдың ерлігінен жаулары қаймығатыны байқалады.

Әрбір батырлар жырында батырдың қиналған, жабыққан, қамыққан сәттері кездеседі. Мәселен, Алпамыс зынданда жатып туған жерін, ата-анасын ойласа, Қобыланды батыр тұлпарының аяғы ақсап далада қалғанда қамығады. Сол секілді Ер Тарғын да ағаштан құлап бел омыртқасы сынғанда алыстағы елін, өзін айдалада қалдырған залым ханның ісіне налып қамығады.

        Атам қалды дейтұғын

Өзімнен туған балам жоқ.

Балам қалды дейтұғын

Атам менен інім жоқ!

Белімнен басқа жарам жоқ,

Ауызға жерге парам жоқ.

Бір қайрылып келмеді,

Не болғаным білмеді,

Ер Тарғынды көрмеді.

Атаңа нәлет, ақсүйек

Ойлай-ойлай қарасам,

Ханзада ханнан сараң жоқ!

        Батыр өзі мертігіп жатып Тарлан аты үшін қиналады.

       Айналайын, Тарланым,

Мінбей, түспей қарыдың,

Арқанда тұрып арыдың.

Суғаратұғын балам жоқ,

Алладан басқа панам жоқ, - деп аһ ұрады.

        Ақжүністей арудың

Көз алдында көлбектеп,

Ашыққаннан еңбектеп,

Көзіме менің көрсетпей,

Алдыма келіп өлсейші,

Киіктің жалғыз жетім лағы! – деп Ақжүністің ашыққанына қамығады.

Ер Тарғын өзіне үлкен қиыншылық көрсеткен ноғайлы елін шаппайды. Ноғайлы жұртын өз жұртындай көріп, бұл елдің ханынан қаншама қиындық көрсе де сабырлылық танытады. Ханға өкпелеп, оған сес көрсеткенімен елдің қанға бөккенін қаламайды. Ер тарғынның негізгі қарсыласы қалмақ, қызылбастар. Ол өз елінің хандарынан зәбір көріп жүрсе де, халқына қарсы щықпайды. Алайда ол ойындағы сөзін ханға айтып, наразылығын білдіреді. Ақымақ хан мұның бұл ойын шынға балап, одан қарадай қорқады.

        Атаңа нәлет қалмақтың

Сыңсып жатқан малы үшін,

Аттанбадым олжа үшін.

Аттанғанмын кәуірге

Атамның ежелден

Ескі кегі бар үшін – дейді.

        Батырдың мақсаты мен мұраты анық. Ол Ақшахан мен Ханзаданың қыздарына немесе дүниесіне қызығып ел алдында батыр атанған жоқ. Атасының кегін аламын деп жауға қарсы шықты. Батыр бұл сөзін ел алдында емес, жары Ақжүніспен айдалада қалғанда айтады. Оның Ақжүніске деген махаббаты да адал. Ер Тарғынның адалдығының бір куәсі «басым дауға қалар» деп еш уайым жемейді. Өзі Ақшаханның қызын алып қашқанда, мұның арты оңай болмасын ойлап та жатпайды. Қыз көңіліне қарап, оның махаббатын бағалайды.

Батырлық эпостарда қаһарманның бойында қиындықтан шегіну мотиві жоқтың қасы. Батыр өз қалауы бойынша өмір сүреді. Оны тоқтататын ешқандай күш иесі жоқ. Оны тек қана жүйелі сөзбен, халықтың ықыласы ғана тоқтатады. Оның жарқын мысалы Сыпыра жыраудың Ер Тарғынға тоқтау салуынан көрінеді.

        Бес жүз атан береді,

Шағаннан көшсең суытып.

Бес жүз бие береді,

Желпілеп мұны байлашы!

Нағыласың бір қызды?!

Бес жүз ауыл береді,

Өз алдыңа сұлтан боп,

Сүйген жерің жайлашы!

Неше батыр болсаң да,

Алмаймысың бұл сыйды?

Миың болса басыңда,

Айтып тұрмын қасыңда,

Осы жерін бір ойлашы!

Ханзада мен қалмақтың қалың жасағы тоқтата алмаған Ер Тарғынды ел абызы атанған Сыпыра жырау райынан қайтарады. Батырдың ақылдылығы, үлкен сөзіне тоқтай білетіні осыдан-ақ байқалады.

Тарғын батырдың қалмақтарға қырғидай тиетін сәті ерекше суреттеледі.

«Әл-қуаты бітпесе,

Тарғын намыс берер ме?!

Ақыл-айла табады,

Келді қалмақ қамады.

Сарала туы салбырап,

Қабағы тастай түйіліп,

Аллалап Тарғын шабады.

Ай бетінен кіреді,

Күн бетінен шығады.

Қойға кірді бір бөрі,

Бүріктіре қырады.

Талай қалмақ құлады,

Ер қайратын сынады – деген жолдар батырдың портретін сомдауда назардан тыс қалмағаны жөн.

Қорыта айтқанда Ер Тарғын ел қорғаған батыр. Оның тоғыз қабат кіреуке ақ сауыты, астындағы Тарлан бозы, сары ала туы, алты қырлы ақ мылтығы, төрт қырлаған көк сүңгісі батыр бейнесін жасауда біршама деректерді беретіндей. Сонымен қатар Ер Тарғын қазақ батыры. Оның киім үлгісінде қазақы ою-өрнектер де болу керек. Ер Тарғынның алты мың қолмен алысқан ерен күші де ескерілуі керек. Ел қорғаған батырдың өңінде сұлулықтың нышаны байқалуы тиіс. Ақжүністей арудың тегін адамға қызықпайтыны белгілі. Алайда қазақ батырларының танауы дөңес, қошқар мұрынды келген. Қалың қабақ пен шығыңқы жақ та Ер Тарғынның бейнесін көркейте түседі. Қою қара қас пен, маңдайдың жазықтығы қазақ батырлардың көбіне тән. Ең бір ескерілер тұс Ер Тарғын бейнесін бірізденгенде қазаққа тән бейне сақталғаны жөн. Батыр бейнесі өзге бір ұлттың болмысына ұқсап кетпегені ескерілуі тиіс.

 

Ақжүніс

 

Жырда ең бір ерекше суреттелетін образдың бірі Ақжүніс. Қырымның  Ақшахан деген ханының әрі сұлу, ақылды қызы Ақжүністің бейнесін жыршылар ерекше жырға қосқан. Қырым жұртындағы Жалмамбет деген мырзамен көңіл қосып, оны басқа жігіт екен деп байқаусызда өлтіріп алған Ақжүністің өз қайғысы өзінде. Осы ісіне өкініп, біртоға күн кешкен Ақжүністі бұл қайғыдан Ер Тарғын құтқарады.

Шашын дәндерменен тараған,

Бектер мінген бедеудей

Бауырынан жараған.

Бет ажарын қарасаң,

Жазғы түскен сағымдай.

Бет ажарын байқасаң,

Терісінен айырған

Жарма бидай ақ ұндай.

Қасы сарыжадай керілген,

Кірпігі оқтай тігілген,

Бұралып белі бүгілген,

Қараған кісі үңілген.

Қолаң шашты, қой көзді,

Әйелдегі бір сөзді

Ақжүніс атты ару еді.

Дегенмен, Ер Тарғынды көргенге дейін ішіндегі күйігі өзегін өртеп, қайғыға батады.

Ер Тарғынды таңдауы, оны өзі шақырып дидарласуы, кейін бірге қашуға өтініш жасауы қыздың батылдығын көрсетеді. «Әкем мені ол ханның баласына бермекші болып, менен рұқсат сұрай, маған кісі жіберіпті. Мен ондай хан баласына таңсық емеспін, өзім де хан баласымын, сұлуға таңсық емеспін, өзім де сұлумын. Мен сондай кісіге барамын, кімнің бақыты зор болса, – дейді. Енді мені осындай кісіге қор қылғанша, егерде батыр екенің рас болса, сен мені ал да қаш, мен саған тиемін, сенен басқа һеш кісіге тимеймін, көңілім бек саған ауды. Егер де маған келмесең, мен шыдап тұра алмай, сенің қайғыңнан өлемін [93, 14] дейді.

Ақжүністің Жалмамбетті өзге жігіт екен деп байқаусыз өлтіріп алуы, Ер Тарғынмен ештеңеге қарамай бірге қашуы, батыр жараланған тұста оны тастап кетпей, қиындықтарда қасында болуы оның адамдық бейнесін аңғартады.

Ол заманда әке тілін алмай, қыздың өз еркімен жүруі, өз сүйгеніне қосылуы сирек. Ақжүністің осы заңдылықты бұзуы оның батылдығын көрсетеді.

           Жырда Ақжүністің сұлулығына қоса ақылы да ерекше. Артынан қуып жеткен Қартқожаққа ой салған Ақжүніс ақылының арқасына басына азаттық алады. «Басыңдағы бүркенгенің [ді] ал, өзіңді маған көрсет. Басыңды да, қасыңды да, бойыңды да, қабағыңды да, жарасаң аламын, егер де бір жерің жарамаса да алмаймын», - деген қарт Қожаққа:

– Ей, қарт Қожақ, қарт Қожақ!

Атыңның басын тарт, Қожақ!

Менің немді сұрайсың?

Бұқар барсаң, қолаң бар,

Қолаңды көр де, шашым көр!

Зергер барсаң, қасында

Алтыннан соққан түйме бар,

Түймені көр де, басым көр.

Молдаға барсаң, қасында

Қиюлы жатқан қалам бар,

Қаламды көр де, қасым көр!

Емран барсаң, пісте бар,

Пістені көр де, мұрным көр!

һәр шаһарға қарасаң,

Құрулы тұрған күзгі бар,

Күзгіні көр де, көзім көр.

Самарқан барсаң, сандал бар,

Сандалды көр де, тісім көр!

Ұсталарға барсаң, қасында

Тартулы жатқан сымдар бар,

Сымды көр де, қолым көр!

Тоғайға барсаң, тоғайда

Домаланған қоян бар,

Қоянды көр де, жоным көр!

Қара жерге қар жауар,

Қарды көр де, етім көр!

Қар үстіне қан тамар,

Қанды көр де, бетім көр! - деп өзінің өзгеден еш айырмашылығы жоқтығын айтады. Басымды шауып алар-ау деп қаймықпайды. Қартқожақ оны жар етіп алған күнде де оған өз ықтиярымен бағына салмасын сездіреді.

           «Өлтірсең де тимеймін,

Теңдік берсең, сүймеймін.

Бұрын батыр болсаң да,

Сенің басың бұ күнде

Жерде жатқан қу тезек! – деп қаймықпай қарсы тұрады.

           Қартқожақты райынан қайтарып, оның бес жасынан қартайғанға дейінгі шағын көз алдына елестетіп, екі жастың арасына түспеуін өтінеді. Қартқожаққа жасының келіп қалғанын, әр адамның теңі бар екенін тұспалмен жеткізеді. Ашумен келген батырдың арынын басып, жүйелі сөзбен райынан қайтарады. Бұдан біз Ақжүністің ерекше ақылды екенін көреміз.

Ердің қадірін арттырып, оны дұрыс жолға бағыттап отыратын да әйел. Ер Тарғынның бел омыртқасы орнына түсіп, ауруынан айыққанда Ақжүніс батырға ақыл-кеңес береді. «...беліңнің жазылғандығын білдіріп, бұ тастап кеткен ноғайдың ішіне барып хан халқына көрініп, жақсысына ой салып, жамандарын қорқытып, сүйтіп қайтыңыз! – деді. Егерде бармай қайтып кетсеңіз, Қырым халқынан Ақшаханның қоластынан бір Тарғын деген батыр келіп омыртқасы сынған соң, қайтып бұйымға аспай, қарға-құсқа жем болып, Бұлғыр таудың бұлағында өліп қалды дер, – дейді.

Байқап отырғанымыздай Ақжүніс өз өмірінен гөрі Ер Тарғынның намысын ойлайды. Өздерін айдалаға тастап кеткен Ханзадаға сес көрсетіп қайтуына кеңес береді.

Ақжүністің айта кетер қасиеттері – шыдамдылығы, басына түскен қиын кездерге төзе білуі. Ол Ер Тарғынның бел омыртқасы шығып кеткенде оны далаға тастап кетпейді. Тарғынның қиындығын бірге бөліседі. Ол Тарғынның намысына тиіп, орнынан тұрып кетуіне де көмектеседі.

           Ерлігіңде шама жоқ,

Ағаштан белің мертігіп,

Қызметші қара құлдарша

Қорлықпенен өлген ер!

Қай батырдан кем едің,

Өлерде болдың қара жер! – деп батырды қайрай сөйлейді.

Қанша қиын жағдай кездесіп, басына қара күн туған кездерде де Ақжүніс жасып қалмай, қолынан келгенше қайрат көрсетеді. Тарғын екеуі Бұлғыр таудың бауырында ас-сусыз қалғанда батырды бағып-қағып, өзінің жұбайлық міндетін атқаруымен қатар, қиын жерде оған қайрат беріп, оның мертіккен белінің жазылуына себепші болады.

Жалпы Ақжүніс образы еркін мінезді, төзімді әйелдердің қатарында. Ол өз қалауымен өмір сүріп, заманның қатал заңына қарсы тұрған арулардың санатында. Сондықтан жыр оның сұлулығы мен ақылдылығын қатар суреттейді. Ақжүністің бойында аңғалдықтан гөрі батылдық басым. Ержүректілік қасиеті де болашақ армандарының іске асуына үлкен септігін тигізеді. Төзімділігі мен батылдығы арқасында Ер Тарғынға қосылып, мұратына жетеді. 

 

Қарт Қожақ

 

Жырда кездесетін ең бір ерекше образдың бірі Қарт Қожақ. Ол жастайынан ел қорғаған батыр. Ақша хан қызының қашып кеткенін естіп, кім қуып жетсе сол алсын дегенде көп қуғыншымен бірге Қарт Қожақ та атқа қонады. Барлық қуғыншылар өздерінің ерлігіне сенбей, Ер Тарғыннан қорқып кері қайтқанда Қарт Қожақ батыр ғана атының басын кері бұрмайды. Ақжүністі аламын деп бекініп шыққан соң, алған бетінен қайтпайды. Оның нағыз батыр екенін осы ісінен байқауға болады. Ер Тарғын да артынан қуып келе жатқан адамның тегін емес батыр екенін біледі.

           Арт жағыма қарасам,

Қайнаған қара ол бұлттай,

Қайнап біткен болаттай,

Тұлғасына қарасам,

Сайдан шыққан құла аттай,

Қабағы тастай түйілген,

Лашын құстай шүйілген,

Жеңсіз берен киінген

Жалғыз қара көрінді.

Жеңсіз берен киген Қартқожақтың ашуы қатты. Жасы алпыс беске келсе де өз күшіне сенеді. Ер Тарғын одан жөн сұрасқанда ол өзін былай таныстырады.

           – Мен, мен-дүрмін, мен-дүрмін.

Мен де өзіңдей кен-дүрмін.

Менің жөнім сұрасаң,

Қырық сан қырым елінде,

Асыл жауһар белінде

Арғы атам – Ер Күлік,

Өзімнің әкем – Қоянақ,

Мен – Қоянақ ұлы Қарт Қожақ.

Оза шауып олжа алған,

Таласты жерде жүлде алған,

Жасанған, жауға қол салған,

Ортадан ойып жол салған

Қарт Қожақ деген ер едім.

Қарт Қожақ осы жасына дейін талай жауды жайратып, бойынан әл кете бастағанда Ер Тарғынмен кездеседі. «Тарғын бұ Қарт Қожаққа кезек беріп, «атсаң ат» деп, қарсы қарап тұрып еді, Қожақ мұны сыйлап атарға қимайды:—Не үшін десеңіз, мен алпыс беске келген, сақалым қуарған бір қарт шалмын. Қой, жас болса да қасындағы Ақжүністей сұлуды қиып, һәм өзінің жанын қиып, маған қарсы тұрды, бұл бек батыр екен, мұның өзін де атпайын, атын да атпайын, тек мұның қорамсақтағы жүз алпыс кез оғын жалғыз доғал оқпенен атып уатайын, соныменен өзімнің оны аяп атпағанымды білдірейін. Сонан бұл ақылды болса, ойлап білер де, қызды маған тастар да жүре берер,—деп, бір жалғыз доғал оқпенен салып қалғанда, Тарғынның қорамсақтағы жүз алпыс кез оғын шіл пара қылып, уатып кетті» деген жолдар Қартқожақтың бойындағы адамгершілігін көрсетеді.

Ер Тарғынды жеңіп кетердей шамасы болмағанымен, айы оңынан туып Ақжүніске қол жеткіздім деген қарт Қожақ шын сөзге тоқтай біледі.

           Отыз беске келгенде,

Қоңыраулы найза қолға алдың,

Қоңыр салқын төске алдың,

Жауды көрсең, шүйілдің,

Жеңсіз берен киіндің,

Көк серек атты борбайлап,

Қамалды бұздың айғайлап,

Қане, шыққан мүйізің?!

Қырық бес жасқа келгенде,

Қырым деген шәһардың

Жел жағына қаласың,

Ық жағына панасың.

Қырдан қиқу төгілсе,

Елге таман үңілсе,

Мың кісіге бір өзің

Сұспай жалғыз барасың, - деп санамалай келіп, бұл күнде заманың басыңнан өтті деген Ақжүністің сөзіне тоқтауы да қарт Қожақты ұнамды кейіпкер етеді. 

Қожақ осалдан емес. Ол Қырымды жас шағында жауға бермей, талай қамалды бұзған ер. Ол Көк серек атымен мың адамға қарсы шығып, жекпе-жекте де ешкімге есесін жібермеген.

Жасына қарамастан Ақжүністей арудың артынан қуған қылығын ерсілікке де, намысшылдыққа да жатқызуға болады. Орта жолдан барлығы кері шегінгенде, ол осы намысының арқасында алған бетінен қайтпайды.

Қарт Қожақтың ең бір ізгі қасиеті мейірімділігі. Ол қаніпезер, қара ниетті болса алғаш болып кезегін алғанда Ер Тарғынды қақ жүректен көздер еді. Оның қалмақ батыры Домбауылдан айырмашылығы осы жерден білінеді. Алғаш кезек алған Домбауыл Ер Тарғынның тоғыз қабат торғауытын тесіп өте алмаса, Қожақ оның оқшантайын ғана көздеп атады.

Жырдағы Қожақтың екінші бір мейірімді қасиеті Ақжүністің сөзінен кейін жүрегі елжіреп, оған құлақ асуы.

           Жылап тұрған көзім бар,

Жалынып тұрған сөзім бар,

Өксіп тұрған жасым бар,

Әуре болған басым бар.

Алғанымнан айырма,

Мені өзіңе қайырма! – дегенде «Бұл ғой менің бес жасымнан елу бес жасыма келгенше, менің не қылғанымның бәрін де тапты. Енді тап менің өзімнің қасымда жүргендей асылзада патшаның баласы тағы енді менің бұ елу бес жасыма шейін не қылғанымды тапқанда, алпыс жасымдағымды таппай ма? Мұны мен алсам, обалына қалады екенмін» дейді.

Қарт Қожақ жырда серілігі басым, аңғал батыр ретінде суреттеледі. Алпыс беске келсе де күші қайта қоймаған ержүрек.

           Қарсы алдына қараса

Омырауы даладай.

Әлпетіне қараса,

Тамнан соққан моладай.

Қартайған шағында да Ер Тарғын өздерін қуып жеткен Қартқожақты осындай кейіпте көреді. Әлі де күші қайтпаған, қаһарлы батырды көреді. Көк серек атқа мінген қарт Қожақ ел қорғаған батыр. Ол жырда беліндегі алтын ақ берен қылышына қоса көк сүңгілі найза ұстайды. Батыр бейнесі жырда тәкаппар әрі аңғал. Оның тәкаппарлығы «бет жүзің ұнаса аламын, ұнамаса алмаймын» деп Ақжүніске қыр көрсете сөйлегенінен білінеді. Біршама жасқа жетсе де қасында тұрған Ақжүніске мұрнын шүйіріп қарауы күлкі шақырады. Осы әрекетіне қарамастан Қожақ адал адам. Оны досқа қастығы жоқ, таза ниетті батырлардың қатарына жатқызамыз.

 

Ханзада

 

«Ер Тарғын» жырындағы залым хандардың бірі – Ханзада бейнесі. Жалпы жыр ханның ел басқару әрекетін мансұқтамайды, Ханзада сияқты хандарды көзге де ілмейді десе болады. Ханзада жырда Ер Тарғынның күшін пайдаланып, өзінің басын көп күйттейді. Басына іс түскенде батырға жалынып, жалпаяды да, қиындықтан арылған соң өзіне көмектескен Тарғынды тез ұмытады. Ақша хан елінен қашып келген Тарғынды он сан ноғайдың он ханынының ішіндегі осы Ханзада қарсы алады. Ол Ер Тарғынның батыр екенін естіп, нөкерлерімен ақылдасып, оны Шаған деген судың бойындағы көп қалмаққа жұмсауға әрекет жасайды. Ондағы ойы өзі келген батырды пайдаланып, мүмкіндікті құр жібермеу. Ханзада: «– Сен өз жұртыңнан қашып Қырым жұртына бардың. Ол Қырым жұртының Олалай, Бұлалай деген жауын алып бердің. Һәм сен біздің қоластымызға келген соң, мынау Еділден шыққан Шаған дейтұғын судың бойындағы қыл жалаулы көп қалмақты ығыстырып, солардың жерін біздерге тартып алып бер» дейді.

Шаған бойындағы қалмақты алған соң жолай Ер Тарғын ағаштан құлап бел-омыртқасын шығарып алатыны мәлім. Ханзаданың арамдығы жырдың осы жерінен бастап өріс алады. «Ханзада бұл батырды неше кіре бақтырып қараса да, һешбір жазыла алмады. Жатқан орнынан қозғала алмады. Ол уақытта бұ Ханзада ханның елі Бұлғыр тау дейтұғын таудың ішін жайлайтұғын еді. Бұл Бұлғыр таудың ішінде алты бұлағы бар еді. Бұ Бұлғыр таудан ханның елі көшті де, баяғы қалмақтың жайлауы Шағанға барып қонды. «Тарғынды Шағанның бойына барып қонған соң, қайтып келіп алармыз» деп, Ақжүніс сұлуды, Тарғынды Тарлан атымен, атын арқандап жұртқа тастап кетті, алты-жеті күндік азығыменен. Бұ тастап кеткен азығы таусылды. Ханзададан һешбір кісі келмей, Тарғын менен Ақжүністің азығы жоқ, арқандаулы тұрған Тарлан атты бағатұғын кісі жоқ, бұлар аштан өлмекші болып өлім халіне жетті».

Ханзада өзіне көмектесіп, Шаған бойындағы қалмақты алып берген Ер Тарғынды айдалаға тастап кетеді. Оның жауыз, қара бастың қамын ғана ойлайтын пасықтығы осы арада білінеді.

Атаңа нәлет, ноғай-ай,

Елемеді өзімді,

Сыйламады сөзімді.

Жаудыратып көзімді,

Тастап кетті жұртына

Бір мертіккен бел үшін.

Ханзаданың ордалы елі болса да Ер Тарғынды қарайтын бір адам табылмайды. Батырды өз елімен бірге алып жүруге Ханзаданың тәуекелі жетпейді. Әйтпесе, Тарғын оларға жүк болмайтын еді.

Бауырым қалды дейтұғын

Ағам менен інім жоқ!

Белімнен басқа жарам жоқ,

Ауызға жерге парам жоқ.

Бір қайрылып келмеді,

Не болғаным білмеді,

Ер Тарғынды көрмеді.

Атаңа нәлет, ақсүйек

Ойлай-ойлай қарасам,

Ханзада ханнан сараң жоқ!

Жаугершілік заманда бір елді басып алған жақ мол олжаға кенелетін еді. Үлкен қазынамен қатар сол елдің жері де жеңген жаққа өтетін болған. Қалың қалмақты жеңіп берген Ер Тарғынға Ханзада түк татырмайды. Керісінше айдалаға алты күн азығымен тастап кетеді. Бұдан біз Ханзаданың дүние, малға сараң екенін көреміз. «Ойлай-ойлай қарасам, Ханзада ханнан сараң жоқ» деуі осының айғағы.

Ханзада ұяты жоқ пасық хан. Оған себеп Ер Тарғын белінен жазылып, ханның еліне келгенде баяғы Шаған бойындағы қалың қалмақ оның елін басып алуға таяу қалған болатын. Ер Тарғынның елге оралғанын естіп Ханзада одан қайта көмек сұраудан қымсынбайды. «– Айыпқа бұйырмаңыз, сізге бара алмадық, оның үстіне жұртымызға жау келіп жатыр еді. Бұл уақытта өзіміз бек қатты қайғыдамыз. Өзіңіз аман-есен жазылып келдіңіз бе?» - деп одан тағы да көмек сұрайды.

Сонымен қатар Ханзада өте қорқақ адам. Жау келсе бетпе-бет соғысудан тайсақтап, ақылынан адасады. Шаған бойындағы қалмақ келгенде ол не істерін білмей қатты сасады. Егер Ер Тарғын келмесе Ханзада қалмаққа қызын беруге де даяр. Ер Тарғын:

Алда маған жол берсе,

Бері қарай сұлтаным,

Сапарланып салармын.

Есен барып, сау келсем,

Домалатып басыңды алармын,

Жұртыңа бүлік салармын! - дегенде Ханзада тіпті сасады.

Ханзада екіжүзді, уәдесінде тұрмайтын хан. Ер Тарғынның басыңды аламын деген сқөзінен қорыққан Ханзада «Бұл Бұлғыр тауға сені жалғыз тастап кеткендігімнің ұятынан Ақжүніс сұлудың үстіне саған жалғыз қызымды берейін» дейді. Ханзада Тарғынға ырзалықпен, шынайы ниетімен қызын берейін деп отырған жоқ. Амалы таусылған соң осындай әрекетке барады. Алайда Ханзада Ер Тарғынға әуелі қызын беремін деп уәде бергенімен кейін сөзінен тайқып шығады. Ол Ер Тарғынға: «– Жеті атаңнан бергіңді сұрап келіп отырсам, қожа менен төреге һешбір шатасқан жерің жоқ екен. Соның үшін саған қызымды беруге аталарымның әруағынан қорқамын» деп сылтауратады. Уәдесінен тайғыш Ханзада жырда осылай суреттеледі. Жүзге келген Сыпыра жыраудан Ханзада хан ақыл сұрайды. Ер Тарғын қайтып келіп, сарайымды шауып ала ма деп уайымдайды. Өзінің ештеңеге ақылы жетпей Сыпыра жыраудың ақылына жүгінеді. Жырау да өз жырында Ханзаданы түйреп, оның әділетсіздігін бетке басады.

Әділ туған хандары

Қара берен батырға

Беремін деп бермеді,

Өтірік сөзден өлмеді.

Бұл сықылды хандары

Бұл сықылды батырды

Жалған сөзбен қысар ма?! – дейді Сыпыра жырау. Ханның атын атап, түсін түстемесе де өтірікті судай ағызған Ханзада хан екені белгілі. Оқырман мұны іштей жырды оқығанда сезіп отырады. Сыпыра жыраудың арқасында Ханзада хан Ер Тарғынның тепкісінен аман қалады.

Жыр Ханзаданы он сан Ормамбеттің ханы болғанымен де, биік тұлға ретінде қарастырмайды. Қайта осы Ханзада сынды пасық хандар Ер Тарғындай батырларды шыңдай түседі. Ханзада қаншама рет Тарғынның жолына кесе-көлденең жатып алса да, Тарғын қайраққа түскен шарболаттай шыңдала түседі. Міне, батырдың батырлығын асқақтатып, оны дәріптеу үшін осындай Ханзада сияқты залым хандардың жырда кездесуі заңдылық. Қалай болған күнде де Ханзада өз абыройын айрандай төккен қорқақ хандардың қатарында қала бермек.

 

Тарлан ат

 

Қазақ батырлары әр уақытта жауға шапқанда төзімді, адал тұлпарларды  таңдаған. Жыршылар батырдың ерлігін дәріптеп, жырға қосқанда оның сенімді серігі тұлпарын да ұмытпаған. Батыр мен тұлпар – егіз ұғым.

«Сен құлында емдің, тайда емдің,

Құнан жаста арда емдің.

Дөнен жаста үйреттім,

Алты қабат ала арқан

Жібектен өріп сүйреттім!

Бес жасыңа келгенде,

«Белдің қызығын көрсін» деп,

Бес бедеуге салдырдым.

Алты жаста ақтаттым,

Аттай мұрның танаттым.

Алшақтатып ойнаттым,

Арпа-бидай асаттым!

Жеті жасқа келгенде,

Жер төпелді желгенде,

Дұшпанның көзі қорықты

Көлденеңнен көргенде!» - деп Ер Тарғын өзі айтқандай, Тарлан атты батыр құлын күйінен мәпелеп өсіреді.

Ер Тарғынның адал серігі Тарлан ат өте жүйрік, жаугершілікке төзімді тұлпар. Ол он екі күн шапқанға шыдас береді. Тоқтаусыз мұндай шабысқа кез-келген ат шыдай алмайды. Оған батырдың Тарлан сияқты тұлпарлары ғана төзе алмақ. Ер Тарғын Тарлан атты өзге аттардан жоғары қояды. Оны қысылғанда қамқоршым, адал серігім деп біледі.

           Айналайын тарланым,

Бектер мінген бедеуге

Сен тұрғанда бармадым!

Қырдан қиқу төгілсе,

Елге таман үңілсе,

Жалғыз-ақ сені қармадым! – деп оған үлкен сенім артады. Тарлан ат иесі белінен шойырылып жатып қалған кезде де аштық пен шөлге шыдайды.

Негізінде тұлпардың қадірі, оның шын мәнінде батырға лайық тұлпар екендігі батыр басына іс түскенде білінеді. Тарланның да басты мақсаты Ер Тарғынды қиыншылақтан құтқару. Қиындыққа төзіп, батырмен қысылғанда қасында болу. Міне, осы міндетті Тарлан ат бар күшін салып атқарады.

Ер Тарғын белінен жарақат алып жатқанда Ақжүніс пен Тарлан атты аяйды. Жары мен тұлпарын өз басының қиындығына салғанына өкінеді. Сондықтан Тарлан аттың ерекше тұлпар екендігін еске алады.

От орнындай тұяқтым,

Омыртқаң бар отаудай.

Жаурыныңа қарасам,

Сыпыра шапқан тақтадай.

Құйрығыңа болайын,

Қынаптан шыққан қанжардай!

Жалыңа сенің болайын,

Күлтеленген жібектей!

Шықшытыңа болайын,

Оралып жатқан түбектей!

Құлағыңа болайын,

Көлге біткен құрақтай!

Қабағыңа болайын,

Қара албасты қабақтай!

Бауыздау жеріңе болайын,

Піскен алма сағақтай!

Екі көзіңе болайын,

Қорқыттан жанған шырақтай!

Танауыңа болайын,

Тығынын алған шелектей.

Омырауыңа болайын,

Сауырыңа болайын,

Зәнтекті қара көмірдей!

Сүбелік жеріңе болайын,

Тастан соққан қорғандай!

Жамбасыңа болайын,

Ұста соққан сандалдай!

Тұрпатыңа болайын,

Тұлпардан туған жорғадай! – деп сипатталады.

Тарлан ат өте сақ жылқы. Ол артынан жау келе жатқанын иесінен бұрын сезеді. Мәселен, Тарғынның артынан Қартқожақтың келе жатқанын Тарлан күні бұрын біледі. «Бұл қуып жетіп келе жатқанда, кетіп бара жатқан Тарғынның астындағы Тарлан аты пысқырды. Ол ат артынан бір жау келе жатқанда пысқыратын еді. Тарғын аты пысқырған соң, артына қараса, артында бір жалғыз кісі келеді екен» деп тұлпардың сезімталдығын сипаттайды.

Ер Тарғын қалмақ батыры Домбауылмен жекпе жекке шыққанда Тарланның жүйріктігі ерекше суреттеледі.

Өзінен өзі зырлаған,

Басын тартса болмаған,

Көк айыл болып көпірсе,

Алты басып аттауға –

Айшылықты ойлаған.

Тарлан аттың тұрпатын суреттегенде көз алдымызға үзеңгімен алысқан шу асау, тегеурінді ат елестейді. Тұлпар жеті жасқа келгенде жердің өзі қайысардай сипатта болады. Батыр тұлпарын алты қанат ала арқанмен үйретіп, қолдан арпа-бидай асатады. Тарлан аттың көзі шырақтай жанып, шапқан сайын шабысына шабыс қосады. Оның құлағы қамыстай тік, жалы жібектей майда келеді деп суреттеледі. Жаурыны тақтайдай жазық, құйрығы қынаптан шыққан қанжардай үшкір болып келеді. Тұлпардың тұрпатын бейнелегенде ең бір ескерер жайт оның төзімділігін ұмытпауымыз қажет.

«Астына мінген Тарланның

Тұрпатына қараса,

От орнындай тұяқтан

Оймақтайы қалыпты.

Етектейін ернінің

Екі елісі қалыпты.

Қиған қамыс құлақтан

Бір тұтамы қалыпты.

Жалбыраған жалынан,

Жалғыз қарыс қалыпты.

Бір құшақтай құйрықтан

Бір уыстай қалыпты.

Тұла бойын қараса,

Он жеті жерден жаралы,

Сонда да Тәңірім алмайды,

Ол жараға болмайды,

Әлі де ойын салады,

Қос тізгінін созады.

Артынан қиқу таянса,

Ит арқасы қозады.

Қос тепкіні салған соң,

Қамшыны басып алған соң,

Шаршады Тарлан десек те,

Жер басқаннан озады» – деген үзінді Тарлан аттың барлық қасиетін ашып-ақ тұр. Он екі күн үздіксіз жаумен ұрысқан Ер Тарғынның аты әрине осындай болу керек-ақ.

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз




29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 465 0







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 887 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 1080 0




ТЕКСТ

Яндекс.Метрика